Атыраулық Бейбіт Құралов - темірден түйін түйген шебер - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атыраулық Бейбіт Құралов - темірден түйін түйген шебер

17.01.2018

Темірден түйін түйген атыраулық шебер ерекше әдіспен қолөнер бұйымдарын жасайды. Бабадан мұра болып жалғасқан ұсталық өнерге заманауи реңк беруді көздейтін талант иесі әркез шеберлігін шыңдап, үйренуден жалыққан емес. Кәсіпкерлік пен ұсталықты ұштастырып, өнерге жаңаша леп әкелемін деген жалынды жастың ісіне атыраулық тілшіміз куә болды. 

Бейбіт Құраловтың мамандығы экономист. Өнерге деген қызығушылығы мен табандылығының арқасында шебер атанды. 1500 градуста балқитын темірді өз ырқына көндірген  ол, металдың қыр-сырына қанық. Темірден түйін түйген шебердің туындылары көз тартады. Өткен жылы Атырауда өткен «Start up Академия» байқауына «Металл бұйымдарын жасау» жобасын ұсынып, жүлдегер атанды. Біліктілігін жетілдіру үшін Ресейге барып оқып та келген.

Бейбіт Құралов, темір шебері:

 - Эскизін компьютермен сызып жасаймыз. Ол тек қана бір-екі аптамен біте қоятын нәрсе емес. Сондықтан, сол дайын болған эскизімізді станокқа апарып саламыз. Басында өте қиын болды. Аппараттарды жағып алып жүрген кездер де болды.

 «Әр істің ғұмырлы болуы- шәкіртке де байланысты» - дейді  шебер. Соңынан ерген інісі Самат Садықовқа бар білгенін үйретіп келеді. 

Самат Садықов, шәкірті:  

- Білмегендерімді сұрап, алдағы уақытта осы саланың жақсы маманы болуға тырысып жатырмын.

Темір-төзімді әрі тығыз материал. Бұйым жасап шығару қиынның қиыны. Жеке қорындағы Майкл Джексонның әр түрлі кейпіндегі темір мүсіндерді «менің эталоным» дейді шебер. Аң мен құс бедерленген туындылардан бастап, табиғат аясына қоюға лайықталып жасалғандары да жетерлік.

Бейбіт енді Астанадағы «Бәйтеректің» көшірмесін жасауды ойлап жүр. Шебер қиялынан шыққан дүниелерді осы саланың майталмандары да жоғары бағалайды.    

Мұхтар Шеруенов, зергер:

- Темір технологиясы басқа материалдарға қарағанда өте ауыр. Мысалы қағаз, пластилин, майлы бояуды алған мезгілде ойға келген фантазияңды жасай бересің. Темірде олай болмайды. Темірде бәрі тәртіппен жасалынады.

Аядай шеберхананы жалға алып, іс бастаған жас жігіт болашағының жарқын боларына сенеді. Кейіпкеріміз алдағы уақытта ағаштан түрлі бұйымдар жасауды қолға алмақ ниетте. Пайыссыз несие алып, кәсібін өркендетуді қалайтын шебер, көрме ұйымдастырып, туындыларын халық назарына ұсынбақ.

Жандос ТЕМІРҒАЛИЕВ

Хабарламаларға жазылу