Құлағы мүкіс балаларға көмек беріледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Құлағы мүкіс балаларға көмек беріледі

17.01.2018

Депутаттардың Алматыға жұмыс сапары барысында біздің арна тілшісі  халық қалаулыларына құлағы мүкіс балалардың көмекке мұқтаж екенін айтып, олардың күрделі мәселесін жеткізген еді. Бұл жағдайды бұрын естімеген депутаттар елордаға барған соң тиісті ведомствоға жеткізетінін айтқан. Арада көп уақыт өтпей Парламенттің жалпы отырысында Үкіметке сауал ретінде жолдады. Ал, бұл мәселені онлайн арқылы көрген ата-аналардың көңілінде балаларымызға көмек көрсетіледі деген сенім орнады.

Бүгінгі халық қалаулыларының жалпы отырысында депутат Зәуреш Аманжолова микротия және атрезия дертіне шалдыққан балаларға қатысты Үкіметке сауал жолдады. Бұл жайтты халық қалаулыларына оншақты күн бұрын біз айтқан едік.  Депутаттар бұл өзекті мәселе міндетті түрде Үкіметке жетеді деген-ді. Енді, міне ата-аналардың мұң-зарына айналған жағдай Парламент мінберінен көтерілді.  

Зауреш Аманжолова,  ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Туғаннан құлағы жоқ балалардың саны 2896 екен. Бір құлағы жоқ 1987 бала болса, екі құлағы да жоқ 99 бала бар. Аурулары асқынса басқа да ағзаларына әсер етуі мүмкін. Сондықтан, уақыт оздырмай емдеп, жәрдемақымен қамтамасыз етудің жолдарын қарастырған жөн. Осы дертті емдейтін білікті дәрігер жоқ.

Ата-аналар Парламенттің жалпы отырысын асыға күтіп, бүгін онлайн арқылы тікелей көрді. Себебі, олар әлеуметтік желіде топ ашып, қоғамдық қор құрғанымен тиісті министрліктерге сөздерін өткізе алмай пұшайман болып жүрген еді. Бірақ үміттерін үзбеді.

 Қарлығаш Нарымбаева,  қала тұрғыны:

- Балам бесте отаға өте зәруміз. Сондықтан, тезірек квота мен қаржы мәселесін шешіп берсе екен. Мысалы, операция жасатып келгеннен кейін де біздің мәселеміз толықтай шешілмейді. Өйткені, ондай жасатып келген балаларға реабилитациялық орталықтар қажет.  

Арнұр Мейіржанқызы,  қала тұрғыны:

- Депутаттар біздің мәселемізді Үкімет үйіне жеткізіпті, үлкен рахмет. Енді біздің мәселеміз шешіліп, балаларымызға көмектессе екен дейміз.

Нұрлан Асқарұлы,  тілші:

- Елбасы Жолдауында адами капитал жаңғыру негізі екені айтылып, халықтың денсаулығын жақсартып, әлеуетін көтеру міндеті қойылған. Ал, күшті ұлт қалыптастыру үшін әрбір баланың денсаулығы маңызды екендігі анық. Енді, министрлер кабинеті қандай шешімге келеді? Оны көппен бірге біз де асыға күтеміз.

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу