Қазақтың киіз үйіне Еуропада сұраныс көп. Қыста жылы, жазда салқын көшпелі тұрғын үйді баспана ретінде сатып алғандар да, қонақ бөлме жасап, қыруар пайда тауып отырғандардар да жетерлік. Тіпті, Бельгияда киіз үйде оқушылар білім алып жатыр. Елдің Валлония аймағындағы шағын қалада тігілген киіз үй-мектепте тілшіміз Нұрсұлу Қасым болып қайтты.
Бельгия астанасы Брюссельден 90 шақырым қашықтықта орналасқан Жев қаласы бір аптадан бері бүкіл елге танылды. «Оқушылар киіз үйде сабақ оқып жатыр»-дегенді естіп, таңсық дүниені көруге келушілер көп. Аумағы - 50 шаршы метр, диаметрі-8 метр болатын мектепте бастауыш сыныптың балғындары білім алуда.
Кристин Питонс, мектеп директоры:
- Мектепте орын жетіспеушілігі туындады. Бұл проблеманы қалай шешеміз деп біраз ойландық. Жаңа ғимарат салуға мүмкіндік жоқ. Контейнер тым сұрықсыз, әрі оны тұрғызу қымбат. Сосын мен киіз үй тігуді ұсындым. Бір рет жазғы демалыста киіз үйден жасалған қонақ үйде демалғанмын. Маған қатты ұнады. Сондықтан, киіз үйден артығы жоқ деп балаларды осында көшірдік.
1-ші,2-ші,3-ші сыныптың оқушылары бір үйдің баласындай. Бір-біріне еш кедергі келтірместен, әрқайсысы өзіне берілген тапсырманы тыңғылықты орындауға барын салып жатыр. Бірі еңбек сабағынан тәтті тоқаш пісіруге кіріссе, тағы бір топ спектакльге дайындалуда. Толық еркіндік.
Альбо Орси, 2-сынып оқушысы:
- Басқа сыныптарға қарағанда бұл жер өте жылы. Киіз үйдің төбесі биік, әрі төбеден жарық түсіп тұрады. Терезелері үлкен. Бұл жерде сабақ оқи бергің келеді.
Эльза Майот, 1-сынып оқушысы:
- Маған домалақ пішіні ұнайды. Бұрын мұндай үйде қазақтар тұрған. Олар кез келген уақытта басқа жаққа көшкен деп мұғалім бізге айтып берді. Мен де осындай үйде тұрғым келеді.
Бельгиялық компания құрастырған киіз үйге пеллет пеш орнатылған. Кәдімгі ағаш немесе ағаш қалдықтарынан жасалатын пеллет отынын жағып, жылытып отыр. Бұл арзан, әрі қауіпсіз,-дейді мектеп басшысы. Балалардың қауіпсіздігі үшін керегелер де шегемен мықтап бекітіліпті.
Нұрсұлу Қасым, тілші:
- Мектеп әкімшілігі инвесторлардың көмегімен киіз үйді құруға 35 мың еуро жұмсапты. Мұндай қаржыға Астанадан бір бөлмелі пәтер сатып алуға болады. Қымбат жоба. Сондықтан, ұрылардан сескенген мектеп ұжымы келесі аптада мұнда ең мықты дабыл беру құрылғысын орнатуды көздеп отыр.
Сабақтарды киіз үйде өткізгелі балалардың оқуға ынтасы артты. Тіпті, үзіліске шықса да, балғындар бір тынбай ежелгі көшпенділердің тұрмысына, тарихына қатысты сұрақтарды жаудырады,-дейді ұстаздары Жоли. Білсем, үйренсем - деген оқушылар бастауыш сыныпты бітіргенше, таңсық мекенде танымын кеңейтеді.
Нұрсұлу ҚАСЫМ