Қазақстан қалалары ақпараттық технологиялар орталығына айналуы тиіс. Бұл дегеніміз – Smart City. Астана осы тұрғыда басқа қалаларға үлгі болады. Сөйтіп, өңірлік даму мен инновацияны таратуға жол ашады. Сондай-ақ, барлық саланың сапасын арттырып, жұмысын оңтайландыруға сеп болмақ. Қазір елордада сондай жобалар іріктеліп, оны қолданысқа енгізу шаралары жасалып жатыр.
Ақпараттық технология – адам өмірін де құтқарып қалады. Әлкей мұны дәлелдеу үшін стартап жобасын медицина саласына арнады. Ол біріншіден жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алудың жолдарын іздестіруде. Себебі, бүгінде дәрігерлердің жүктемесі көп, уақыты қағазбастылық пен тек емдеуге кетеді,-дейді. Ал, диагностика назардан тыс қалған соң қайғылы жағдайға жиі әкеледі. Бұл олқылықтың орнын телемедицина, блокчейн және нейрондық жүйе толтыруға қауқарлы. Яғни, диагноз бастапқыда ауруханада анықталып, сосын ол арнайы жүйеде қосымша тағы сақталады, соңында машиналық оқытумен аурудың қай деңгейде екені көрсетіліп тұрады.
Әлкей Аманжолов, «Effmedcontrol» жобасының авторы:
- Телемедицинадағы басымдықты мен үйде қолданатын диагностикалық құралға бергім келеді. Ықшам әрі арзан. Тек гаджетке қосылса болғаны. Осылай әр адам қондырғы арқылы денсаулығын назарда ұстай алады. Мысалы, онда аптасына үш мәрте анализ тапсырсын,-деп көрсетілуі мүмкін. Соны бұлжытпай орындаса инфаркт пен инсультті болдырмауға мүмкіндігіміз жетеді.
Әлкейдің стартап жобасы сияқты Астанада бірқатар бастамалар жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, бәріне белгілі «Сергек» арқылы көлік қозғалысы реттелсе, «Е-Пикпен» жеке пәтер иелері кооперативі және тұрғындар арасында дау-дамай оңтайлы реттелуде. Сондай-ақ, сан алуан ақпараттық қызмет көрсететін мобильді қосымшалар да қолданыста. Мұның бюджетті үнемдеуге де септігі зор.
Цифрландырудың элементтері Шымкент, Орал қалаларына да енгізілді. Алайда, Астанада «Smart City» үлгісін қалыптастырып, Қазақстан шаһарлары арасында озық тәжірибені тарату керек. Жайлы өмір сүріп, жұмыс істеуге қолайлы қала тұрғындардың да тың идеяға талпынысын арттырары сөзсіз,-дейді мамандар.
Нысаналы ЫҒЫЛ