Елбасының ауылдастары мен замандастары мектеп оқушыларымен кездесті
Тұңғыш Президент күніне орай, Елбасының ауылдастары мен замандастары Алматы облысы Қарасай ауданы Қарымбай Қошмамбетов атындағы орта мектептің оқушыларымен кездесті. Тағылымды жүздесуде Президентті бала кезінен білетін ақсақалдар оның мектеп қабырғасында қандай шәкірт болғандығын бүгінгі буынға әңгімелеп берді. Олар Мемлекет басшысының қоғамдық жұмыстар мен елдік істерге ерте араласқандығы, сол еңбегінің арқасында бүгінгі дәрежеге жеткендігін айтты.
Президенттің замандастары алдымен биыл мектеп бітіретін түлектермен сұхбаттасты. Ауыл ақсақалдары Елбасының бала кездегі өмірі мен мектеп жасындағы жетістіктерін зор мақтанышпен айтты. Ал, Мемлекет басшысының сабақтан тыс уақытында түрлі үйірмелерге қатысып, қоғамдық жұмыстағы ұйымдастырушы әрі басқару қабілеті туралы әңгімені оқушылар қызыға тыңдады.
Кәлида Қосшығұлов, Елбасының ауылдасы:
- Бұл кісінің жолы бөлек. Жақсылығымен танылып, Қазақ елін әлемге әйгілі қылды. Қазір Қазақ елі қойып отырған мақсаттар көп.
Мерекеге орай, оқушылар «Елбасы – ұлт мақтанышы» атты шара ұйымдастырып, кеш қонақтарына өнерлерін көрсетті. Президенттің балалық шағынан үзінділер, Тәуелсіз еліміздің жүріп өткен шежірелі жолы жайлы деректі фильмдер мен сахналық көріністер қойылды. Елдің егемендігі мен ынтымағы, тұтастығы мен бірлігі туралы патриоттық әндер шырқалды.
Ерлан Иманәлі, Қарымбай Қошмамбетов атындағы орта мектеп директорының орынбасары:
- Елбасымыз туралы көптеген мағлұматтар алдық. Бірге жұмыс істеген ағаларымыз оның өмірі туралы кәдімгі көзбен көрген дүниелерін айтып берді. Мектебімізде қазіргі таңда 2000-ға жуық оқушы оқып жатыр. Сонымен қатар, биыл 38 жас маман келді. Яғни, осының бәрі Елбасының бағдарламасының, саясатының арқасында.
Елбасының замандастары мектепті аралап, тыныс-тіршілігімен де танысты. Өйткені, бұл Президенттің «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша ашылған жаңа білім ордасы. Білім ошағын көрген Тұңғыш Президенттің ауылдастары «Мұнда оқыған баланың да арманы жоқ», деп ағынан жарылды. Ал, шара соңында «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша мектеп ауласына 100 түп ағаш егілді.
Амангелді СЕЙІТХАН
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы