«Петропавл нан-тоқаш» комбинаты айына 600 тонна нан және 50 түрлі тәтті тоқаштың 150 тоннасын шығарады. Кәсіпорын өз ісін мемлекеттік «Бизнестің жол картасы-2020» және «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның қаржыландыруымен жүзеге асырып отыр. Бүгінде өнімдері облыс бойынша сұранысқа ие. «Ал, биылғы жоспар Қазақстан мен Ресейдің нарығына шығу», - дейді кәсіпорын басшылығы. Өндіріс орнын аралаған депутаттар өнімді экспортқа шығару жолдарына тоқталды. Сонымен қатар, маман тапшылығы мен кәсіпорынға ауыр соғып отырған ай сайынғы электр энергиясына жұмсайтын төлемақы мәселесін ретке келтіру жайын назарға алды.
Павел Казанцев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Болашағы зор кәсіпорын. Бірақ, түйткілді мәселелері де жетерлік. Айталық, өнімді экспортқа шығару үшін санитарлық жағын қарастыру керек. Сонымен қатар, мамандарды даярлау жұмыстарын да қолға алу керек. Мұнда техника және технология саласын меңгерген жастар аз келеді екен. Қазір мұндағы жоғары буын өкілдері кеткен соң, не болады?! Сондықтан, жастарға дуалды оқыту жүйесін жүзеге асыру керек.
Ал, Мәжіліс депутаттары Бақытгүл Хаменова мен Ирина Унжакова іссапарларын Атырау облысына қарасты Махамбет ауданында қорытындылады. «Махамбет орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі» мемлекеттік мекеменің еңбек ұжымымен кездескен халық қалаулылары Елбасының биылғы Жолдауын түсіндіріп, заңдағы өзгертулер мен толықтырулар туралы ақпарат берді. Жүздесуде 12 430 гектарды қорғауына алып отырған аталмыш мекеме орманшыларының жалақылары мардымсыз екені айтылды. Және аталмыш мекеменің техникалық қамтамасыз етілуі де сөз болды. Сонымен қатар, Мәжіліс депутаттары облыстық маңыздағы «Атырау-Индер-Орал» тас жолын жалғайтын ұзындығы 600 метр көпір құрлысымен де танысты.
Индира БЕГАЙДАР