Басты Жаңалықтар Астананы әуре-сарсаңға салған бораннан келген шығынды есептеу басталды

Астананы әуре-сарсаңға салған бораннан келген шығынды есептеу басталды

Әкімдіктің таратқан ақпарына сай, қала бойынша 26 үйге зақым келіп, түрлі әлеуметтік нысандардың шатыры ұшқан. 200-ге тарта жол-көлік оқиғасы тіркеліп, боранды күні көшеде жүріп, ауыр жарақат алғандар да бар.

Алдын ала есеп бойынша, бас шаһарда 4 мектеп мен 3 балабақша, сондай-ақ, бір университеттің шатыры боранға тосқауыл бола алмай ұшып кетті. Тұрғын үйлерге де айтарлықтай шығын келген.  

Эльвира Жүргенбаева, қалалық әкімдіктің баспасөз хатшысы:

- Астана қаласы бойынша 26 тұрғын үй кешеніне залал тиді. Атап айтар болсақ, Алматы ауданында 4 тұрғын үй, Сарыарқа ауданында 8 тұрғын үй, және Есіл ауданында 14 тұрғын үй.

Ақтүтек боранның кесірінен көлік қозғалысы да тұралап қалған. Тәулік бойы полицияға жол-көлік оқиғасы туралы 175 хабарлама түскен. 

Арман Атыбеков, қалалық ЖПҚ басшысының орынбасары:

- Кеше біздің қызметкерлер қар құрсауынан 70 автокөлікті және 17 адамды қауіпсіз аймаққа жеткізді.

Ауа райының бұл құбылысы такси жүргізушілеріне қолайлы болғандай. Әдеттегі тарифті еселеген олар желмен ұшып кетуге аз қалған жолаушылардың қалтасын қақты.

Осы күні 39 адам медициналық көмекке жүгінген. Олардың көбі травматология бөліміне жеткізілгендер. 

Камалжан Надыров, қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Бас-сүйегіне зақым келген 1977 жылғы азамат келіп түсті. Оның басына операция жасап, миында ұйып қалған қанды алдырдық. Сондай-ақ, басына шатырдың бөлігі тиген тағы бір азамат қазір ауыр халде жатыр. Оның жағдайы дәрігерлердің бақылауында.

Қазір қалаға келтірілген жалпы шығынды толықтай айту қиын. Дегенмен, Пәтер иелері кооперативтері мен жергілікті атқару органдары өз аудандарындағы апатты жағдайларды тіркеп, орталыққа жолдап жатыр.

Елдос САПАРҒАЛИ

Бөлісу