Боранның салдарынан кеше Павлодар облысының 12 мың адам тұратын 75 елді мекені жарықсыз қалды. Көліктері батып, жолда қалған 200 адамға көмек көрсетілді. Құтқару қызметі тарапынан құрылған 21 жедел бекет әлі жұмыс істеп тұр. Себебі, аудандармен облыс орталығын байланыстыратын жолдар түгел ашылған жоқ. Қатты жел 13 әлеуметтік нысанның шатырын ұшырып әкетті. Ең қиыны, электр сымдарының үзілуі. Қазір 30-ға тарта елді мекенде электр желілері қалпына келтіріліп, жарық берілді. 40-тан аса ауылға энергетиктер енді жетті.
Олеся Емельянова, «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ бөлім басшысы:
- Павлодар облысы мен қалада кешегі қатты желден үзіліп қалған электр желілерінің көп бөлігі қалпына келтірілді. Аудандарда бізге қарасты мекемелер үздіксіз жұмыс істеп жатыр. Қаладан қосымша көмек күші жіберілді. Барлығы 47 топ жұмыс істеуде.
Болат АМАНБАЕВ