Арқаның аязды бораны көлік жолдары мен әуе қатынасын тежеді. Республикалық маңызы бар жолдар жабылып, қозғалыс шектелді. Полицейлер қауіпсіздік мақсатында Астананың жол бекеттерінен көліктерді өткізбей, жүргізушілерге ескерту жасап жатыр. Табиғаттың тосын мінезі бас қаладағы әуежайдың да жұмысын уақытта тоқтатуға мәжбүр етті. Бірнеше рейс кешіктіріліп, кейбіреулері мүлде тоқтатылды. Бақытжан Омар тарқатсын.
Астанадан шыға берістегі көріністер осындай. Өкінішке қарай. Табиғаттың тосын мінезін нақ болжау қиын. Десе де, Қазгидромет өкілдері барлық тұрғынға алдын ала ескерту жасады. Қар бөгеген жолдарға қарамастан, бірі көлік бекетінен шығып үлгерсе, енді біреулері боранның басылғанын сол жерде күтуге мәжбүр.
Ақмола, Қарағанды, Павлодар облыстары бойынша республикалық маңызы бар жолдардың барлық бағыты жабық. Қызылорда мен Жезқазған арасындағы тас жолдар бүгін бірнеше сағатқа жабылды және Астана-Қостанай бағыты бойынша да көлік қозғалысы шектелген. Сол себепті, мамандар халыққа алыс жолға шықпауға және сақтық шараларын ширатуға кеңес береді.
Ұлан Әліпов, «ҚазАвтоЖол»РМК бас директоры:
Қазгидрометтен ескерту келді кеше. Жел күшейеді деген. Біз түннен бастап техникаларды дайындадық. Кейбіреулерін таңға жуық жаптық.
Қазір республика бойынша жолдарда 500 арнайы техника жұмыс істеп жатыр. Осы уақытқа дейін оқыс оқиға тіркелмеді. Өйткені, ауа райының құбылатынын білген құзырлы мекемелер алдын ала қамданған. Олар жолдарда тексеріс жүргізіп, сағат сайын орталыққа есеп береді.
Бақытжан Омар, тілші:
Табиғаттың тосын мінезі Астана әуежайының жұмысына да кедергі келтірді. Таңғы сағат 09:00-дан 15:00-ке дейін 18 рейс кешіктірілді.
Боранның қарқыны күшейген сайын кейінгі қалдырылған рейстердің саны сағаттап артты. Соңғы мәлімет бойынша, 40-қа жуық әуе кемесі кесте бойынша ұшпайтын болды.
Дәулет Бауыржанұлы, жолаушы:
Біз кеше Бейжіңнен Үрімшіге ұшып келдік. Астанадан бүгін 13:20-да ұшуымыз керек еді. Алайда рейсті ертеңге ауыстырып отыр. Компания барлық жағдайларымыз жасап жатыр.
Сергей Андреев, Астана әуежайының жердегі қызмет көрсету филиалының директоры:
Біз алдымен жолаушыларға орын алған жағдайға түсіністікпен қарауды өтінеміз. Мұның барлығы сіздердің қауіпсіздіктеріңіз үшін жасалып отыр. Ақ түтек бораннан ештеңе көрінбейді. Сондықтан, әуе кемелері көкке көтеріле алмайды.
Әуежай басшылығының айтуынша, кешкі 21:00-дан кейін рейстер қайта ұша бастауы тиіс. Дегенмен, жолаушылар келеңсіз жағдайлар орын алмас үшін әуежайдың ақпарат орталығына хабарласып, алдын-ала мәлімет алып отырғаны абзал.
Бақытжан ОМАР