Депутаттар аймақтарды аралап жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Депутаттар аймақтарды аралап жүр

09.01.2018

Олар әртүрлі еңбек ұжымдарымен кездесіп, заң саласындағы соңғы өзгерістерді түсіндіруде. Сондай-ақ, халықтың қалауын тыңдап, түртіп алған мәселелерін Астанаға келгеннен кейін жауапты органдарға жеткізетін болады.

Бүгін Мәжіліс төрағасының орынбасары Владимир Божко бастаған депутаттар Рудный қаласындағы шыны құрастыратын зауытқа барды. Кәсіпорын дайын бөлшектерді Ресей мен Қытайдан алып, жылына бес жүз мың дана шыны оқшаулағышын жинайды. Он екі айдағы тауар айналымы 2 млрд теңге. Негізгі тұтынушылары Қазақстан, Ресей және Әзірбайжанның ірі электр энергиясын тасымалдаушы компаниялар.

Владимир Божко, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары:

- Ауғанстан электрлендіру және қуат желілерін тарту бойынша ауқымды бағдарламаны жүзеге асыруды қолға алады. Солармен келіссөздер жүргізу жағын қарастырып көріңдер. Жоба іске қосылса, сіздерге тағы бір нарыққа жол ашылады. Бұдан бөлек, биыл Қызылорда қаласында шыны зауыты пайда болады. Олар да әріптестік құруға ынта білдірулері мүмкін.

Алматы облысына барған депутаттар алдымен «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынып жатқан 64 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысымен танысып, жұмысшылармен кездесті. Биыл Талдықорған қаласында 700-ден астам пәтер ел игілігіне берілуі тиіс. Бұдан соң халық қалаулылары Көксу ауданы Балпық би ауылындағы тауарлы сүт фермасын аралап көрді. Кәсіпорын өткен жылдың соңында іске қосылды. Мұнда 200-ге жуық сиырдан тәулігіне 2000 тонна сүт алынуда. Кешен толығымен автоматтандырылған.

Марат Бопазов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Парламентте қаралып жатқан заңдардың бәрі түгелдей осы ауыл шаруашылығын дамытуға ыңғайлы. Жұмыс істеймін дейтін адамдарға барлық жағдай жасалған.

Депутаттардың тағы бір тобы батыста жүр. Олар «СмартОрал» халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысты. Мұнда қызметтің 641 түрі көрсетіледі. Бастысы, келушілердің уақытын үнемдеп, қызмет сапасын арттыруға бағытталған тың тәсілдер енгізілген.

Жексенбай Дүйсебаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Халық бірнеше мекемеге барды. Ол сұрағын шешсе жақсы. Шешпесе уақыты текке кетеді. Ал, мұнда бәрі бір жерде. Электронды кезек арқылы келеді де уақытын тиімді пайдаланып, келген сұрақтарының барлығын шешіп кете алады. Жағдай жасалған.

Халық қалаулыларының аймақтарға сапары ары қарай жалғасады. Ертең төменгі палата өкілдері Жамбыл, Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облысындағы сайлаушыларымен кездеседі.

 

Досымжан ЕРМҰРАТ

Хабарламаларға жазылу