Төтенше жағдайлар департаменті «Қазгидромет» ақпараты бойынша алдағы күндердегі ауа райына қатысты ескерту жасады. Атап айтсақ, Астанада алдағы екі күнде қар жауып, жаяу бұрқасын, көктайғақ болуы ықтимал. 14-11 қаңтарда елордада жел соғады, кей уақыттарда оның екпіні 15-20 метр секундқа жетуі ықтимал. «Қазгидромет» еліміздің өңірлеріне қатысты да дабылды ескерту жасады.
Қаңтардың 12-не дейін Қызылорда облысының кей жерлерінде тұман, көктайғақ сақталады. Сондай-ақ, осы айдың 8-нен 10-на дейін Атырау облысында кей жерлерде тұман, көктайғақ болып, жел күшеймек. Ал, Атыраудың өзінде бүгін-ертең тұман мен көктайғақ болады. Қостанай облысында да желдің ұйытқуы секундына 15-20 метрге дейін жетіп, кей жерлерінде бұрқасын, көктайғақ болуы мүмкін. Сонымен қатар, Батыс Қазақстан облысы бойынша жауын-шашын жауып, оңтүстік-батыстан соғатын желдің жылдамдығы 15-20 метр-секундқа дейін күшейеді.
Фариза МҰСАҚЫЗЫ