Жаңа әкімшілік құқық бұзушылық заңына сәйкес ереженің 28 түрі бойынша айып көлемі 50 пайызға дейін азаймақ. Ал, кейбір ұсақ-түйек заңбұзушылықтар үшін полицейлер алғашқы жолы жай ғана ескертумен де шектелуі мүмкін.
Нұрсұлтан Томанбектің көлік тізгіндегеніне 7 жыл. «Ережені қатаң ұстап, барынша сақ жүрсек те камера мен жол патрулінің көзіне ілініп қаламыз. Байқаусызда жолақты басып, айыппұл төлеп жатамыз»,- дейді. Ол да аз сома емес. Соңғы бірнеше жылда 50 мың теңге төлеген.
Жаңа заңға сәйкес жылдамдықты 10-нан 20 шақырымға дейін асырсаңыз, 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 12 025 теңге айыппұл төлейсіз. Бұрын ол 22690 теңге болатын. Алғашқы аптада өтегендерге 50 пайыздық жеңілдік қалып отыр. Енді мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған тұрақта көлігін заңсыз қойғандар қазынаға 24050 теңге төлейді. Былтыр ол 113 450 теңге болатын.
Ақтоты Боранова, ҚР Ішкі істер министрлігі әкімшілік полиция комитетінің ресми өкілі:
- Автокөлікті жолдың қарама-қарсы бағытына шығып басқарғаны үшін бұған дейін 1 жылға дейін жүргізуші куәлігінен айырылатын болса, биыл бұл қысқартылды. Яғни, 6 ай мерзімге куәлігінен айырылады.
Ал, тәртіп сақшыларына бағынбай, қарсылық танытқандар 72 мың теңге төлейді. Бұрын мұндай заңбұзушылық үшін азаматтар бірден 12 айға жүргізуші куәлігінен айырылатын.
Жаңа өзгеріс бойынша жол ережесін бұзғандардың барлығы үшін де жеңілдік қарастырылмаған. Мәселен, мас күйінде көлікті басқарғандарға айыппұлдар мен жаза сол күйінше қалмақ. Ал, күндізгі жарығын жақпай келе жатқан көлік иесі шамалы аздау айыппұл төлейді.
Енді бұрынғыдай 5 айлық есептік көрсеткіш емес, 3-еу яғни, 7 мың теңге шамасында төлейсіз. Немесе алғашқы жолы жай ғана ескертумен де шектелуі мүмкін.
Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ