Осы аптада Парламент депутаттары еліміздің барлық аймақтарын аралап, халықпен кездесуде. Заңнамалық жұмыстар туралы баяндап, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асу барысы туралы хабардар етпек. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин жұмыс сапарымен Ақмола облысына барды. Төменгі палата спикері еңбек ұжымдарымен кездесіп, кәсіпорындардың тыныс-тіршілігімен танысты.
Ақмола облысы – құнарлы өлкенің төсі, байлық пен берекенің белгісі. Өңірдің экономикасы қуатты, тұрмысы түгел. Ауыл шаруашылығы – экономиканың негізгі драйвері. Елбасы әлеуметтің әлеуетін арттыру үшін ауыл шаруашылығы саласына үнемі көңіл бөліп келеді. Сондықтан болар, бұл өңірде өткен жылы диқандар қауымы 5 миллионнан артық астық жинады. Өнімділігі гектарына 11,85 центнерден. Облыстағы «Қазақстанагро» инновациялық корпорациясының өнімділігі жоғары.
Тоқтар Сағиев, кәсіпорын операторы:
- Өзгенікін зор, өзіміздікін қор көретін заманнан өттік. Отандық кәсіпорындарды қолдау қажеттігі Парламент қабырғасында үнемі айтылады. Өйткені, бұл Елбасының тікелей тапсырмасы. Мәжіліс төрағасы бұл жұмыстардың қалай жүзеге асып жатқанын көрді. Бұл зауытта ауыл шаруашылығына және коммуналдық шаруашылыққа қажетті техника құрастырылады. Әрине, мемлекет тарапынан қолдау орасан.
Ұрпақ денсаулығы, халықтың өсімі – мемлекеттің негізгі көрсеткіші. Мәжіліс спикері дәрігерлер қауымымен кездесті. Әлеуметтік сақтандыру, медициналық көмек мәселелері әңгіме өзегіне айналды. Соңғы жылдары бұл салада заңнамалық тұрғыда да көп жұмыстар атқарылды. Республика, облыс, аудан, ауыл тұрғындары сапалы медициналық көмекке қол жеткізе алады.
Жұмыс сапары барысында «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» бағдарламаларының шапағаты мен шарапаты туралы айтылды. Экспорт әлеуетін арттыру үшін не істеліп жатыр, қандай кедергілер бар? Бұл жайында Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Көкшетау минералды су зауытының жұмысшыларымен талқылады. Бұл зауыттың табиғи суы шетел нарығында өзіндік брден қалыптастырып үлгерді. Сан мен сапаны қатар үйлестірген. Үнемі жаңғыру, жаңалану үстінде. Жүздеген адам бұл жерден нанын тауып, отбасын асырап отыр.
Алма Ералина, зауыт операторы:
- Мәжіліс төрағасымен кездесу барысында ақмолалықтар өздерін алаңдатқан проблемаларын айтты, оған тұшымды жауап алды. Бұл кең форматтағы ашық кездесу болды. Ақмолалық ағайын алдағы атқарылар жұмыстарға да үлкен қызғушылық танытты. Бүгінде Парламентте жатқан заң жобалары туралы мол ақпарат алды.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, біз революциялық емес, эволюциялық жолмен дамуымыз керек. Қазіргі таңда өсіп, өркендеу үшін мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып отыр. Алдағы мақсатымыз - дамыған елдің қатарына қосылу. Президент жүктеген тапсырмаларды бұлжытпай орындап, міндет үдесінен шыға білу. Өйткені, бүгінгі аумалы-төкпелі заманда Парламентке жоғары жауапкершілік артылды.
Индира БЕГАЙДАР