Басты Жаңалықтар Қызылордада үйлердің ауласын су алып кетті

Қызылордада үйлердің ауласын су алып кетті

Қызылорда қаласында дария бойында орналасқан мөлтек ауданның тұрғындары судан зардап шегіп отыр. Биыл өзен деңгейі ең жоғары белгіге жеткен. Шардарадан Сырдарияға секундына 640 текше метр су жіберілуде. Оның үстіне, оңтүстікте күннің күрт жылынуы салдарынан мұз ұстасып, кептеліс болған. Енді су бөгеттің бергі бетіне жайылып, көшелерді басып қалды.

Бұл Арай мөлтек ауданындағы Сырдария көшесі. Көше деген аты ғана, өздеріңіз көріп тұрғандай, бұл жер мұз айдынына айналған. Адам жүруі қиын. «Мұндай жағдай небәрі 4 күннің ішінде болды», дейді тұрғындар.

Сағира Кашимова, қала тұрғыны:

- Бірінші күні дария толған соң шығар деп мән бермедік. Екінші күні одан көбейді, үшінші күні дария жағаладық. Төртінші күні мінекей, көріп тұрсыздар, судың қалай көтеріліп жатқанын. 

Тұрғындар абыр-сабыр. Кейбірінің ауласын да су алып кеткен. Үйлеріне кіріп-шыға алмай қиналып қалды.

Қалдыгүл Боранбаева, қала тұрғыны:

- Есігімнің алды су, қораның іші су. Қайда баруыма болады енді? Су үйімізге, қорамызға кіріп жатыр.

Әбділдә Ерімбетов, қала тұрғыны:

- Қаппен көміп жатыр, көмгенмен ол бәрібір шыға береді.

Дәл осындай жағдай 2008 жылы болған. Ол уақытта да дария деңгейі қатты көтеріліп, қауіп тудырған. «Сондықтан, бұл қалыпты жағдай», деп отыр мамандар. «Су көп болса, өзенге жақын аумақтың бәріне жерасты су жайылады. Табиғи құбылысқа ешкім қарсы тұра алмайды», дегенді меңзейді.

Жорабек Нұрымбетов, «Қызылордасушаруашылығы» өндірістік учаскесінің басшысы:

- Арай ауданынан бастап, Ягодка деген саяжайға дейін су көтерілген. Кәдімгі бұлақ сияқты атқылайды. Оған қарсы ештеңе істей алмайсың. Қазір ол шығып тұрған жерді қазып немесе басқа нәрсе жасасаңыз, екінші жағынан тағы шығып кетуі мүмкін.

Бірақ, жергілікті жұртшылық бұл уәжбен келіспейді. Сол себепті, ауқымды шара қолдану керек деген пікірде. Әзірге су атқылаған жерлер топырақпен нығыздалып, құм салған қаптармен бітелді.

 

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

Бөлісу