Басты Жаңалықтар Моңғолия тарихындағы тұңғыш полковник әйелдер

Моңғолия тарихындағы тұңғыш полковник әйелдер

Моңғолия тарихындағы тұңғыш полковник әйелдер. Қандастарымыз Анаргүл мен Жеңісгүл Моңғолия ғана емес күллі иісі қазақ жұртының мақтанышы. Бір үйден шыққан полковниктер Ұлан-Батыр қаласында өмір сүреді. Екеуі де өз ісінің майталмандары. Қиыр қыстап, шет жайлап жүрсе де қазақтың атын шығарып, абыройын асқақтатып жүрген батыр арулармен тілшіміз Ғабит Бөкенбай жүздескен еді.

Апалы-сіңілі Анаргүл және Жеңісгүл әйелге тән емес, ауыр жолды таңдаған қайсар арулар. Анаргүл әскери хирург болса, Жеңісгүл полицей. Олар ешқашан атақ қуып, мадақ сүйген емес. Еңбек етті, ерінбеді. Нәтиже көп күттірмеді. Қазіргі таңда екеуі де Моңғол елінің Құрметті азаматтары.

Полковниктер тағдыр жазуымен моңғол азаматтарымен қол ұстасып, тұрмыс құрған. Ұрпақ сүйіп отыр.

Анаргүл Қаусылғазықызы, полковник - медицина ғылымдарының докторы:

 - Біздің апа- ата қазаққа шық деп айтты. Сондай жақсы қазақ жігіттері жолықпады.

Ұлан-Батырда өсіп-өнген Жеңісгүл қазақшаға шорқақ. Есесіне, екеуі де орыс тіліне судай. Соның арқасында қос полковник Ресейде кандидаттық жұмыстарын қорғаған.

Онымен қоса Жеңісгүл Қаусылғазықызы - білдей бір аймақтың бас полицейі атанған тұңғыш әйел. Ол 120 офицерді басқарып, қылмыскерлермен күресті. 

Жеңісгүл Қаусылғазықызы, полковник-заң ғылымдарының докторы:   

- Ойламаған жерде Моңғолияның бас полиция басқармасының бастығы мені шақырып алып, Баян-Өлгей Ішкі істер басқармасының бастығы болып барасың, екі күннен кейін ұшасың деді. Мен сасып қалдым. Қазақ қызы болсам да, қазақша сөйлей алмаушы едім-деп ақталдым. Бірақ, бұйрықтың аты бұйрық амалсыз көндік.

Олар Қазақстанды тарихи отаным деп таниды. Жетістігіне сүйсініп, мүлт кетсе күйініп отырады. Ал, кең қолтық Моңғол еліне ризашылығы шексіз. Бір сәт қазақсың деп кемсітіп, кеудесінен итерген емес. Керісінше, оқытты-тоқытты. Еңбегін еліп, мәпелеп отыр.

Ғабит БӨКЕНБАЙ

Бөлісу