Қаңтардан бастап зейнетақы, жәрдемақы көлемі мен айлық есептік көрсеткіш өзгерді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қаңтардан бастап зейнетақы, жәрдемақы көлемі мен айлық есептік көрсеткіш өзгерді

04.01.2018

Жаңа жылда жаңа төлемдер. Қаңтардан бастап зейнетақы, жәрдемақы көлемі мен айлық есептік көрсеткіш өзгерді.

Биыл жасы мен қызмет мерзіміне қатысты зейнетақы мөлшері 8%-ға артты. Яғни, 2 миллионнан астам зейнеткер ит жылының игілігін көрмек. Есесіне, әйелдердің зейнетке шығу жасы ұлғайды. Енді олар елу сегіз жарым жастан бастап зейнетке шыға алады. Келер жылы 59 жастан, сөйтіп 2027 жылға дейін әйелдердің зейнетке шығу жасы 63-ке дейін жетпек.

Жәрдемақылар да өзгеріске ұшырады. Бұған дейін жәрдемақының үш түрі: арнайы жәрдемақы, балалар жәрдемақысы, атаулы әлеуметтік көмек болса, биылдан бастап осы үшеуін біріктіріп, бірыңғай атаулы әлеуметтік көмек ретінде төленетін болды. Яғни, қазақстандықтар енді үш түрлі мекемеге үш түрлі құжат әзірлеп әуре болмайды.

Жаңа жылдағы жаңа базалық төлемдерге де тоқталып өтсек: ең төменгі жалақы – 28 284 теңге, ең төменгі мемлекеттік базалық зейнетақы – 15 274 теңге, ең төменгі зейнетақы – 33 745 теңге, айлық есептік көрсеткіш  - 2405 теңге, ең төменгі күнкөріс деңгейі 28 284 теңге болып бекітілді.

Альбина ӘШІМ

Хабарламаларға жазылу