Басты Жаңалықтар «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшелері «Тұлпар Тальго» зауытының ұжымымен кездесті

«Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшелері «Тұлпар Тальго» зауытының ұжымымен кездесті

Парламент депутаттары бүгіннен бастап 12 қаңтарға дейін Қазақстанның барлық аймақтарын, қалалары мен ауылдарын аралап, сайлаушылармен кездеседі. Депутаттар еңбек ұжымдары, қоғам өкілдерінің мәселелерін тыңдап, азаматтарды қабылдайды. Бүгін Мәжілістегі «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшелері Астанадағы «Тұлпар Тальго» зауытына барып, кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен танысты. «Рухани жаңғыру», «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» бағдарламаларының жүзеге асыру барысы туралы хабардар етті.

Елжан Сапаралыұлы - теміржолшы. Ол зауыт ашылғалы осы жерде жұмыс істейді. Көрген жеңісі, терген жемісі көп. Ай сайын 150-200 мың теңге қоржынына түседі. «Жаңашылдық - заман талабы», - дейді ол.

Мұнда Елжан сияқты 183 адам еңбек етіп жүр. Жұмысшылармен Мәжіліс депутаттары кездесті. Кездесіп қана қойған жоқ, алаңдатқан мәселелерін тыңдады, еліміздегі маңызды бағдарламалардан хабардар етті. Бұл бейресми кездесу. Бүгін әр жұмысшы өз сұрағына тұшымды жауап ала алды. Жалпы, «Тұлпар Тальго» зауытының бет алысы жаман емес.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Экономиканы дамыту үшін, халықтың әлеуметтік мәселелерін шешу үшін, қауіпсіздікті сақтау үшін транспорт, коммуникация саласын дамытуымыз керек. Негізінде автожолдар мен темір жол жатыр. Елбасының «Нұрлы жол» бағдарламасы осыған бағытталған.

Гүлжан Қарақұсова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

 

- Біз 2018 жылдың алғашқы жұмыс аптасын осылай бастадық. Зауыттың жұмысымен таныстық, көңілімізден шықты. Қуантарлығы, вагондарды құрастыруға жұмсалатын материалдардың басым бөлігі отандық өнім. Вагондар сертификатталған, яғни, біз Ресеймен бәсекелес бола аламыз.

Игілігі мол инвестиция тартуда теміржолдың машина жасау саласы көш бастап тұр. Былтырғы жылы алты ай ішінде салаға инвестиция тарту көлемі 20 есеге артқан.

Темір жол - экономиканың күретамыры. Зауыт 31 мың шаршы метрді алады. Еуропалық сапа стандарттарына сай озық технологиялар мен материалдарды қолдану пойыздың сағатына 200 шақырымға дейінгі жылдамдықпен жүруін қамтамасыз етеді. Вагондардың пайдаланылу мерзімі – 40 жыл. 2023 жылға дейін 603 вагон жасап шығару көзделуде. Осы уақытқа дейін зауыт 436 вагон шығарды. 2018 жылы 90 вагон жасалады.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бұл испандармен бірге жасалған кәсіпорын. Негізгі мақсаты - ескі паркпен алмастырып, жаңа вагондармен алмастыру. Стратегиялық мақсаттардың бірі  - басқа мемлекеттердің нарығына шығу.

Бүгінде біздің вагондарымызға Өзбекстан тарапынан қызығушылық бар. Иранмен де келіссөздер жүргізіліп жатыр. Азия мемлекеттеріне де экспорттау жоспарлануда. Әрине, бұл ел экономикасының тамырына қан жүгіртері сөзсіз. Ал, Мәжіліс депутаттары «біздің тарапымыздан қандай заңнамалық қолдау қажет болса, талқылап, көмектесуге дайынбыз», дейді. Өтйкені, индустриялдық-инновациядық даму экономикаға тың серпін береді.

 

Индира БЕГАЙДАР

Бөлісу