Шетелдік турист: Жаңа жылды Алматыда қарсы алу дәстүрге айналды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шетелдік турист: Жаңа жылды Алматыда қарсы алу дәстүрге айналды

03.01.2018

Алатау баурайындағы Алматы - туризм өркендеген жер. Тәңіртауының тұмса табиғаты мен ондағы демалыс орындары Орталық Азияның басқа елдерінде жоқ. Мысалы, «Шымбұлақ» халықаралық тау-шаңғы кешені мен «Медеу» мұз айдынына қысқы маусымда әлемнің әр қиырынан туристер келеді. Өйткені, тау ішіндегі жылы ауа райы үлкендер мен балаларға қыдыруға қолайлы әрі көптеген спорттық кешендер қысқы ойын түрлері бойынша жаттығуға таптырмайтын жер. Сондықтан, «Медеу» бір рет табаны тиген адамның есінен ешқашан шықпайды. Тілшіміз Нұрлан Асқарұлы демалыс орнындағы халықтың мерекелік көңіл-күйін көріп келді.

Шетелдік турист Альберт Жаңа жылды алып шаһарда қарсы алу үшін арнайы ат арытып келді. Саяхат жасауды өмірлік ұстанымына айналдырған азамат «Төрткүл дүниені аралап көрдім. Бірақ, Алматыдай қаланы кездестіре алмадым», деп ағынан жарылып, Алатаудың табиғатына таңданды.    

Альберт Герман, турист:

- Бізге «Медеу» спорт кешені өте қатты ұнайды. Мұнда отбасымызбен екінші рет келдік. Шынын айту керек, басқа мемлекеттерді де аралап көрдік. Балаларымнан қысқы демалысты қайда өткіземіз деп сұрасам бірден Алматыда, Алатауда деп жауап берді. Сондықтан, отбасымызбен осы мегаполиске келіп, Жаңа жылды қарсы алу дәстүрге айналды.  

Бүгін Алматыдағы белсенді қоғамдық ұйымдар мен кәсіпкерлер бірігіп, балалар үйінің тәрбиеленушілерін «Медеу» мұз айдынына қыдыртып әкелді. Оларға Жаңа жылға орай тосынсый жасады. Мұз үстінде алаңсыз асыр салып, коньки тепкен жеткіншектердің қуанышында шек жоқ.  

Алуа Қайратқызы, оқушы:

- Маған коньки тепкен ұнады. Мұнда бірінші рет болып тұрмын.

Ирма Вострова, қала тұрғыны:

- Қуаныштамыз. Ал, балалардың қуанышын айтып жеткізу мүмкін емес. Сондықтан, біз оларды салауатты өмір салтына бейімдеп, үнемі спорттық алаңдарға алып келеміз.  

Теңіз деңгейінен 1691 метр биіктікте орналасқан «Медеу» мұз айдыны күніне 8500 адамды қабылдайды. Мұнда 2015 жылы 330 мың турист келсе, былтыр 270 мың қонақ қабылдаған. Ал, биыл 11 айдың ішінде 180 мың мейманға қызмет көрсеткен. Олардың 50 пайызға жуығы шетелдің азаматтары.  

Жалпы, алып шаһарда жасанды мұз айдындары көп. Дегенмен, қала қонақтары мен шетелдік туристер Алматыға келсе, «Медеу» мұз айдынына соқпай кетпейді. Өйткені, бұл жердің табиғаты көркем, ауасы саф алтындай таза. Мұнда таңнан кешке дейін коньки тепсең де шаршап, шалдықпайсың. Керісінше тынысыңыз ашылып, жаныңыз жадырап сала береді.

    

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу