ОҚО-дағы коммуналдық қызмет мекемелері биылғы жылды қыруар қарызбен аяқтағалы отыр
Өңір тұрғындары табиғи газ бен жылуды тұтынғаны үшін бас-аяғы 2,7 миллиард теңге берешек. Қарыздың қордаланып қалуынан оңтүстік еліміздегі өзге аймақтар арасында көш бастап тұр.
Түстік тұрғындарының коммуналдық қызмет төлемдеріне берешегінің басым бөлігі табиғи газдың ақысы. Бақандай 1 миллиард 700 миллион теңге. Оның 700 миллион теңгесі кейінгі үш айдан бері жиылмай келе жатқан қарыз. Өзгесі абоненттердің желтоқсан айында тұтынған көгілдір отынының төлемдері.
Асқар Молданазарұлы, «ҚазТрансГаз аймақ» АҚ ОҚОФ сатып-өткізу бөлімі басшысының орынбасары:
- Күнделікті ескерту қағаздары жіберіліп жатыр. Одан қалса, ескерту қағаздарына байланысты өшіріліп, газдан ажыратылып жатыр.
Ал, тұрғындар болса, керісінше, газ тарату мекемелерінің сылбыр тірлігіне наразы. Тұтынған газдың ақысы жазылған түбіртек 2-3 ай кешігіп келеді. Одан бөлек, қала аумағында төлем қабылдайтын кассалар тым аз. Барының өзінде иін тірескен адам.
Әбдуәлі Ізбасаров, Шымкент қаласының тұрғыны:
- Уақытысымен квитанция келмейді. Төлейін десең, осындай кезек, уақытты алады.
Диханбай Момынқожаев, Шымкент қаласының тұрғыны:
- Ақша төлеу проблема болып жатыр. Квитанция үш айдан бері жоқ.
Өңірдің дебиторлық қарызының 574 миллион теңгесі жылудың ақысы. Оның 76 миллионы былтырдан бері жиылмай келе жатқан қарыз. Шымкент қаласындағы 1 811 көпқабатты үй орталық қазандық арқылы жылытылады. Бүгінде «Қуатжылу орталығы» тұрғындардан қараша айындағы коммуналдық қызмет үшін төлемақыны жинап жатыр.
Пердебай Сәбитов, «Қуатжылу орталығы» мемлекеттік мекемесінің бас инженері:
- Былтырғы жылдан қалған қарыз жоқ. 76 млн. теңге қарыз бар еді. Одан толығымен құтылдық. Енді желтоқсан айындағы электр энергиясы және жылу энергиясының ақысын толығымен қаңтар айында төлеп береміз.
Қарызды тездетіп өндіріп алу үшін өңірде борышкерлермен күрес күшейтілді. Ескеруге құлақ аспағандардың үйлері коммуналдық жүйеден ажыратылып, ісі сотқа жолданады.
Ғани ҚАЛМАХАНОВ
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы