Борышкерлер саны әсіресе, Астана мен Алматы қалаларында және Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Ақтөбе облыстарында көп. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында айтылды. Бұлардың барлығы ағымдағы коммуналық қызметтер бойынша қарыздар. Дегенмен, жылыту маусымы басталғалы тұтынушылар қарыздарын төлей бастаған. Қазір нақты қарыз көлемі - 12,9 милилард теңге. Инвестициялар және даму министрі облыс, қала әкімдеріне бұл мәселені қатаң бақылауға алуды сұрады.
Биылғы соңғы Үкімет отырысында бірнеше мәселе қаралды. Атап айтсақ, «ақылды қала» тұжырымдамасын іске асыру жайы сөз болды. Аталған жоба «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. «Smart City» жобасына Астана, Қарағанды, Шымкент, Алматы және Ақтөбе секілді ірі қалаларда басымдық берілмек. Сондай-ақ, «Smart City» деп аталатын мобильді қосымша әзірленген. Үкімет басшысы оны алдымен әкімдер қолдану керектігін еске салды.
Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-Министрі:
- «Smart City» ең алдымен қала тұрғындарының игілігі үшін жасалуда. Қағаз жүзінде бәрі жақсы. Дегенмен, әкімдерден сұрарым, «Smart City» қосымшасын смартфондарыңызға жүктеп, қаншалықты дұрыс жұмыс істейтінін тексердіңіздер. «Smart City» жобасын осылай ғана тиімді жүзеге асыруға болады.
Дулат АБИБУЛЛАЕВ