Ардақ Қайменова: 28 желтоқсаннан бастап Қазақстан аумағындағы ауа райы тұрақталады
Қар жауып қыспаққа алды. Тұман болып, көктайғақтан республикалық маңыздағы 4 жол жабылды. Тіпті, Астана маңындағы ауылдарға да тосқауыл қойылған. Жалтыркөлден әрі аса алмай отырған көлік жүргізушілері қанша уәж айтса да көндігуге мәжбүр.
Нысаналы Ығыл, тілші:
- Қарағандының трассасында Жалтыркөл маңына жеткенде көліктер сағат 8-ден бері қаңтарылып тұр. Техникаларды санап болмайсың. Әзірге қанша тұратындары да белгісіз. Нақты ештеңе жарытып айтпайды. Көлік жүргізушілері болса мұны алдын ала қамданбағандықтан, - деп отыр.
Көлік иелерінің уәжінше қауіптенуге еш негіз жоқ. Себебі, қар жұмсақ, тасжол қата қоймаған. Яғни, күн суытып, көктайғаққа айналмай тұрып діттеген жерге жетіп алуымыз керек еді,-дейді. Олардың тағы бір түсінбейтіні кері бағыттан көліктер кедергісіз ағылып жатыр. Ал, қаладан шыққан адамдар шаруаларынан қалып, ауылдарына жете алмай әлек.
Осылайша, Жалтыркөл мен Аршалы арасындағы бірнеше ауылға қатынас үзілді. Тіпті, жүк көліктерінің жүруіне де мұрсат бермейді. Дүкендерге тауар тасушылар да жіпсіз байланған.
Әлібек Артышев, көлік жүргізуші:
- Қарағанды трассасы міне. Аршалыға тауар апара жатқанбыз. Мұнда сүт өнімдері бар. Егер бүгін жеткізбесек бұзылып кетеді. Сосын шығынын біздің мойнымызға іле салады. Өйткені, қоймадан тиерде менің атыма жазылды. Қалай болмасын жеткізуге тиістіміз.
Көлік жүргізушілері қашанға дейін тұрарын біле алмай дал. Жол сақшысына жүгіндік. Ол тапсырма солай,-деп қысқа қайырды.
Ауа райының күрт өзгеруіне байланысты республикалық маңыздағы 4 жол жабылды.
Тимур Алимов, «Қазавтожол» ЖШС бас инженері:
- Ақмола облысынан Павлодар мен Қарағандыға қарай жол жабылды. Шығыс Қазақстан облысында Семей учаскесінен Павлодар шекарасына шектеу қойылды. Жол тазалау жұмыстары тәулік бойы атқарылуда. Сондай-ақ, диспетчерлік орталыққа хабарласып мәлімет алуға мүмкіндік бар.
Қолайсыз күн райы Оңтүстік-Каспий циклонының келуімен байланысты. Циклон кезінде қар жауып, бұрқасын болады. Жел 15-28 метр секундына дейін күшейді.
Ардақ Қайменова, «Қазгидромет» РМК басқарма басшысы:
- Осындай ауа райы 2-3 күн бойы сақталады. 24- желтоқсанда «Қазгидромет» және оның филиалдарымен дабылды ескертулер шығарылды. 28-ші желтоқсаннан бастап Қазақстан аумағындағы ауа райы тұрақталады.
Соған дейін мамандар сақтық үшін жолға шықпауды ескертеді. Ал, Жалтыркөлде қимылсыз қалған жүргізушілер мәселенің тез шешілуін күткеннен басқа амалы жоқ.
Нысаналы ЫҒЫЛ
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы