Астанада «Полиэтилен пакеттен бас тарт!» атты арнайы акция ұйымдастырылуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада «Полиэтилен пакеттен бас тарт!» атты арнайы акция ұйымдастырылуда

25.12.2017

«Полиэтилен пакеттен бас тарт!». Астанада дәл осындай бастама көтеріліп арнайы акция ұйымдастырылып жатыр. Қалалық әкімдік мұрындық болған бастама жалпы қоршаған ортаны қорғауға бағытталған.

Полиэтилен пакетті күнделікті тұрмыста пайдаланбайтын адам кемде-кем. Пластиктен жасалған дорбалардың зияны туралы аз айтылып жүрген жоқ. Алайда, сөзден іске көшкен қалалық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы бас қаладағы ірі сауда орталықтарында арнайы акция ұйымдастырып, көпшілікке табиғи органикалық пакетке көшуге үгіттеп жатыр.

Мадина Шахбутова, «Жеті аспан» ЖШС басқарушы компаниясының бас директоры:

 - Қалалық әкімдіктің бастамасы бойынша «ЭКО ДЭЙ» акциясын бастап отырмыз. Мен барлық тұрғындарды және қала қонақтарын осы бастамаға қосылуға шақырамын. Себебі, барлығымыздың ортақ үйіміз жер шарын аялауымыз қажет.

Орта есеппен алғанда әр адам полиэтилен дорбаны тек 20 минут пайдаланады. «Ал, оның шіріп, табиғатқа толықтай тарап кетуі үшін 100 жылдан 500 жылға дейін уақыт кетеді», - дейді мамандар. Жыл сайын осы мәселе халықаралық деңгейде де көтеріліп келеді.   

Айнұр Сұлтанқұлова, қалалық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының маманы:

- Бұл бастама халық арасында экологиялық мәдениетті көтеруді көздейді. 23-ші желтоқсаннан бастап біз қаладағы ірі сауда орталықтарында осыны қолға алып отырмыз. Полиэтилен пакеттің кесірінен жылына 1 миллион құс пен жүз мыңға жуық жануар өледі.

Энергетика министрлігі келер жылы қазіргі заңнамаға өзгеріс еңгізіп, полиэтилен пакетті тегін таратуға тиым салуды көздеп отыр. Қазіргі кезде әлемнің 40 елі пластикалық дорбаларға тиым салып, толықтай бас тартқан.

Елдос САПАРҒАЛИ

Хабарламаларға жазылу