СҚО-да диқандар астықты өткізе алмай отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

СҚО-да диқандар астықты өткізе алмай отыр

22.12.2017

Биыл егіні бітік шығып, рекордтық көрсеткіште 5 млн. 600 мың тонна бидай жинаған теріскейлік диқандар өнімін өткізе алмай отыр. Осы күнге дейін бар-жоғы бидайдың тек 15 пайызын саудалаған. Астық бағасы күрт төмендеп кетіп, шаруалар қарыздарын қайтара алмай әлек. Шетелге қолайлы бағамен келісім жасалғанымен, оны жеткізетін вагон тапшы. Шығынға батып, әуре-сарсаңға түскен диқандармен тілшіміз Самат Сапаралы тілдесті.

Рекордтық көрсеткіште астық жинаған солтүстікқазақстандық диқандар бидайын қайда өткізерін білмей дал. Сатайын десе баға жоқ, элеваторда сақтау да қалтаны қағады. Ал, кезінде бітік шыққан бидайдың бағасы шарықтайды деген мамандар болса, қазір мәселенің шешімін таппай отыр.

600 гектар жерден биыл мол өнім алған Айыртау ауданының «Аска» қожалығы астығын амалсыз қамбада сақтауға мәжбүр. Өйткені, қазір нарықта бидайдың тоннасы 30-33 мың теңге аралығында. Ал, өнімнің өз құны 40-45 мың теңгеге шығып отыр. Шаруаға қарызын өтеу керек.

Амангелді Нашарбеков, «Аска» шаруа қожалығының директоры:

- Келесі жылға дайындық керек, қазір қаражатымыз жоқ. Өйткені, бидайдың бағасын келіспей отырмыз.

«Астық бағасының құлдырап кеткені аздай, енді өнімді шетел асыру үшін вагон тапшы», - дейді шаруашылық басшылары. Мәселен, облыстағы бидайды экспорттауға 3 мыңнан астам вагон қажет болса, қолда бары 1618 ғана. Кәсіпкер Дәурен Сәбитов Өзбекстанға 10 мың тонна астық жіберуі тиіс еді алайда, жауапты компания вагон кезегі тек ақпан айында келетінін айтқан.

Дәурен Сәбитов, «Писаревское агро» ЖШС директоры:

- Сата алмай жатырмыз, өйткені, баға жоқ, тариф жоқ, вагондар жоқ және де айтылған дотация да жоқ. Өзбекстанмен келісімшартқа тұрдық. Ресейге шығаратын болсақ, оның тарифтері бізге келісімсіз.

Жергілікті атқарушы билік өнімді тиімді бағамен өткізудің жолдарын іздестіруден басқа шара жоқ дегенді алға тартып отыр.

Қуандық Шакубаев, Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

- Бізге қазір қолайлы бағада өткізетін нарық іздестіруіміз керек. Фермерлер Одағымен бірге мемлекеттік сатып алу көлемін ұлғайту, бағаны тұрақтандыру бойынша продкорпорацияға хат жолданды.

Бұған қоса, биыл облыс 2,5 млн. тонна астықты экспорттауға дайын болғанымен,көрші елдерге бар-жоғы  1 млн. 400 мың тоннасы ғана қажет. Демек, ұсыныстан сұраныс екі есе аз.

 

Самат САПАРАЛЫ

Хабарламаларға жазылу