Уран жеткізу аумағы кеңейеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Уран жеткізу аумағы кеңейеді

21.12.2017

Жыл соңына дейін «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының кірісі 46 миллиард теңгені құрайды. Бұл туралы бүгін компанияның басқарма төрағасы Ғалымжан Пірматов мәлімдеді. Оның айтуынша,  қол қойылған меморандумдарға сәйкес соңғы жылдары Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарының бюджетіне 4,8 млрд теңге аударылды. Сондай-ақ, меморандум бойынша Шығыс Қазақстан облысының бюджетіне ағымдағы жылы 1 млрд теңге берілді. Алдағы екі жылда тағы 2 млрд теңге бөлінеді.

Қазақстандағы өндірілген уранның 100 пайызы экспортқа шығарылады. Яғни, өзімізде мүлде қолданылмайды. Дүниежүзіндегі уран өндірісінің 40 пайызын еліміз қамтамасыз етіп отыр. Оның 20 пайызы «Қазатомөнеркәсіпке» тиесілі. Ал қалғаны серіктес трансұлттық компаниялардың еншісінде.

Дегенмен, «Қазатомөнеркәсіп» уран жеткізу аумағын кеңейтпек. Қазір компания өкілдері бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарып, биыл Швейцарияда «Kazakatom AG» трейдинг компаниясын құрды. Сондай-ақ, қытайлық «CGNPC» компаниясымен бірге Үлбі металлургиялық зауытының базасында жылу бөлгіш құрамалар шығаратын зауыт салып жатыр. Қазақстанның уран өнімдеріне сұраныс көп.

Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауындағы тапсырмаларда тиісті жүзеге асып жатыр. Компанияда автоматтандыру, цифрландыру және роботтандыру бойынша бірқатар жоба қосылды.

Хабарламаларға жазылу