Тұрғын үйге кезекке тұрғандардың саны артқан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тұрғын үйге кезекке тұрғандардың саны артқан

21.12.2017

Үйі жоқтың, күйі жоқ. Елімізде үш жылда тұрғын үй коммуналдық қорынан 17,5 мың  пәтер берілген, дегенмен үй алуға кезекке тұрғандар азаймай, керісінше көбейіп отыр.  Мәселен, 255 мыңнан 458 мың адамға жетті. Бүгін Мәжілістің «Нұр Отан» фракциясының депутаттары «Нұрлы жер» бағдарламасының орындалу барысын талқылады. Мәжіліс төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаеваның айтуынша, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әлеуметтің әлеуетін арттырып, қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету үшін көңіл бөліп келеді. Мемлекет тарапынан да жүйелі шаралар қолға алынды, мемлекеттік бағдарламар қабылданды. Ал, баспана мәселесі талай адамның базынасына айналып отыр.

Басты проблеманың бірі - еліміздегі бағдарламалардың соңына дейін жеткізілмеуі. Мәселен, «Қолжетімді баспана – 2020»  бағдарламасы 2015 жылы өңірлерді дамыту бағдарламасына қосылып кеткен. Жалпы 10 жылда – 701 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.  2017 жылдың  11 айында  820, 7 млрд теңге инвестиция құйылды. Оның 134 млрд теңгесі мемлекеттікі.  Бірақ, әлі күнге дейін ортақ дерек қоры жоқ. Депутаттар бірнеше ұсыныс әзірледі.

Индира БЕГАЙДАР

Хабарламаларға жазылу