«Рухани жаңғыру: Алаш және азаттық идеясының сабақтастығы» атты халықаралық конференция өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Рухани жаңғыру: Алаш және азаттық идеясының сабақтастығы» атты халықаралық конференция өтті

10.11.2017

Осыдан 100 жыл бұрын Алаш арыстары елдікті сақтап қалу үшін шарқ ұрды. Бастарын оққа байлады. Сол үшін олардың рухына тағзым ету - заңды дүние. Бірақ, «солардың ісі мен идеясын жалғастырушы ұрпақ бар ма?», деген сауалға бүгін елорда төрінде өткен «Рухани жаңғыру: Алаш және азаттық идеясының сабақтастығы» атты халықаралық конференцияда жауап берілді.

«Алаш» партиясына мүше болған жандардың бірде-бірі тірі қалмаған. Елдік үшін жанын пида еткен арыстардың армандаған күні сірә, осы болар. Тәуелсіз Қазақстанның астанасында 100 жылдан соң марқұмдардың аты ардақталды. Шараға келген Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Елбасының хатын оқып, сәлемін жеткізді. 

 Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

 - «Алаш» партиясы зиялыларының армандары орындалған күн деуге толық негіз бар. Біздің егемендігіміздің рухани жүйесін, рухани негізін кезінде «Алаш» партиясының азаматтары қалап кеткен.

Алаш арысы Әлихан Бөкейхан қазақтар басқа ұлттар қатарлы биік мансапқа ие болсын деп талап қойды. Төл туы, Елтаңбасы бар егемен ел құруды мақсат етті. Арада ғасыр өтті. Игі арман іске асты.

Қуаныш Сұлтанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бәрі Тәуелсіздіктің арқасында болып отыр. Халқымыздың рухани санасының ағаруына Алаш қайраткерлерінің атқарған еңбегі орасан. Осы 25 жылда көптеген зерттеу болды. Дерек жарыққа шықты.

Дархан Қалетаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

 - Алаш ордасының 100 жылдығы «Рухани жаңғыру» бағдарламасына толық сәйкес келеді. Алаш көсемдерінің ойлаған ойларына толық жеттік деп ойлаймын.

Алқалы басқосуға еліміздің төрт бұрышын айтпағанда, алыс шетелдерден ғалымдар келіп қатысты. Қазіргі Қазақстанның қабырғасын қалап кеткен ерлердің еңбегі жайлы ғылыми баяндама жасады. Рухын асқақтатты.

Әбдіуақап Қара, Мимар Синан университетінің профессоры /Түркия /:

 - Бұл өте маңызды. Біз оны бағламасақ, Тәуелсіздігімізді баянды ете алмаймыз. Үлкен сезіммен келіп отырмын. Біздің тарихымыздағы аса маңызды оқиға.  Осы үшін шәйіт болғандарды құрметтеу керек. Өкінішке қарай, оларды сатқын ретінде көрсетті.

Мұса Ғасымлы, Кавказтану институтының жетекшісі /Әзірбайжан/:

- Алаш қозғалысы - қазақ тарихының ең маңызды бөлігі. Бұл қозғалыс автономия үшін күресіп, қазақ халқының Тәуелсіздігі үшін аянбай күресті. Сол себепті, жас буын осы игі істің басында тұрған тұлғаларды ұмытпауы тиіс.

Қазақтың азат атанғанына - 26 жыл. Еңсеміз тік егемен елміз. Жиналғандар «бостандық үшін кеудесін оққа тосқан Алаш арыстандарының ерлігін, қазіргі ұрпақ санасына сіңіру - ең басты міндет», -  деп тарқасты.

Ғабит БӨКЕНБАЙ

Хабарламаларға жазылу