Алматыда республикалық «Үздік авторлық бағдарлама» байқауының жеңімпаздары анықталды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы шараға елдің барлық өңіріндегі білім беру мекемелерінің 300 ұстазы қатысты.
Мұғалімдер мектеп бағдарламасына роботтық техниканы негізгі пән, қосымша үйірме ретінде оқытудың тиімді әдістерін ұсынды. Себебі, қазір ғылым технологиясы өркендеген мемлекеттерде робототехниканы балаға мектеп қабырғасында үйретеді.
Мәселен, қазір әлемдік өндірісте 18 түрлі робот техникасы пайдаланылады. Басым бөлігі медициналық, механикалық, машина жасау, азық-түлік дайындауға арналған роботтар. Ал, біздің елде соңғы екі жылда легоконструкторлы робот жасау кеңінен қолға алынды.
Алтынбек Камалұлы, байқаудың жеңімпазы /Қызылорда облысы/:
- Еңбегімді бағалағанға, балаларымның жасаған еңбегін республикалық деңгейде көрсеткеніме өте қуаныштымын. Әлемдік шыңға шығу үшін біз осындай роботтарды, роботтық техникаларды дамытуымыз керек және артымызда келе жатқан жас ұрпақ осыларды дамытатын болса, біз халықаралық деңгейге шыға аламыз.
Нұрлан АСҚАРҰЛЫ