Мәскеуде Қазақстанның өніміне сұраныс жоғары - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәскеуде Қазақстанның өніміне сұраныс жоғары

25.01.2014
Мәскеуде Қазақстанның өніміне сұраныс жоғары

Мәскеу қаласы мен облысында 25 миллионға тарта халық тұрады. Яғни, бұл өңір, кез келген тауар үшін, әсіресе азық-түлік сатуға таптырмайтын алпауыт нарық. Оның үстіне Мәскеуде ішіп-жемге қажетті заттардың бағасы «күйіп» тұр. Бұл халыққа қолайсыз болғанмен, кәсіпкерлерге пайдалы.

 
Сондықтан, Қазақстанда өндіріліген ауыл шаруашылық тауарларын, осы жаққа апарып сату керек. Сол себепті еліміздің бір топ кәсіпкері мен билік өкілдері Ресей астанасына арнайы барып, жағдайды көзбен көріп қайтты.
 
Мәскеулік Алексей Кокин «Данилов» базарына күнде келеді. Шағын асханасы бар кәсіпкер. Бұл жерден жеміс-жидек пен ет алады. Оның айтуынша, Еуропа мен Латын Америкасынан келетін өнімнің құнарлылығы төмен.
 
Алексей Кокин, қала тұрғыны:
Біздің базарда Қазақстанның тауарлары болса жақсы болар еді. Өйткені, мен өз басым Қазақ елінде болған адаммын. Ол жақтағы азық-түлік өнімдерінің табиғи, әрі дәмді екенін жақсы білемін. Сондықтан Мәскеуге әкелетін болсаңыздар, қуана-қуана сатып аламын.
 
Мәскеуде қой етінің әр келісі 4 мың теңге тұрады. Ал сүттің литрі 500-ге барады. Яғни бұл шаһарда сатылған тауардан көп пайда түседі. Оның үстіне жергілікті базар басшылары, «есігіміз айқара ашық», деп отыр.
 
Максим Попов, «Данилов» базарының директоры:
Қазақстанның ет-сүт өнімдері мен жеміс-жидегін қабылдауға дайынбыз. Өз тарапымыздан тоңазытқыш, қойма табуға көмектесе аламыз. Әрине, бұл жер көптеп сататын үлкен базар емес. Алайда осындай шағын базарлар арқылы қазақтың өнімін халыққа кеңінен танытуға болады.
 
Елімізден келген бизнесмендер мен билік өкілдері қаладағы базарлар мен қоймалардың біразын аралап шықты. Жағдаймен танысып, мән-жайға қанықты.
 
Арман Евниев, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты хатшысы:
Елбасының Жолдауында бізге экспортты көбейту туралы тапсырма берілді. Енді осылай нақты көзбен көріп, қолмен ұстап, қара жұмыспен айналысуымыз керек. Заңнама мәселесі шешілген, тәртіптері бәрі бекітілген. Енді нақты іспен айналысуымыз керек.
 
Делегация елге барған соң, көрген-түйгендерін пысықтайды. Сосын көп кешікпей тауар экспортын бастайды. Жоспар бойынша, алдағы 1-2 жылда қазақтың тауары Мәскеу нарығынан ойып тұрып орын алуы тиіс.
 
Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу