Қасым-Жомарт Тоқаевты кезектен тыс Президент сайлауындағы жеңісімен бірқатар ел басшылары құттықтады

10.06.2019

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевпен телефон арқылы сөйлесті.

Өзбек басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлын Президент сайлауындағы жеңісімен құттықтады. Қос ел Президенттері Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өзбекстанға сапары кезінде жасалған келісімдер қазақ-өзбек қарым-қатынасының дамуына тың серпін беретініне сенімділік білдірді. 

Сондай-ақ, саяси додағы жеңісімен Қасым-Жомарт Тоқаевты Қырғызстан Президенті Сооронбай Жиенбеков те телефон арқылы құттықтады. Тараптар екі елдің көршілік және достық негіздегі байланысы беки түсетінін айтып, алдағы уақытқа кездесулердің кестесін қарастырды.

Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон да Қасым-Жомарт Тоқаевты құттықтап, Президенттер кездесулердің кестесін талқылады. Сондай-ақ,  қос ел басшысы стратегиялық әріптестікті нығайтуға ниеттерін жеткізді.

Ал Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған Қасым-Жомарт Тоқаевқа құттықтау жеделхатын жолдады. «Қазақстанның тыныштық пен тұрақтылық жолындағы қадамдарын одан әрі жалғастыра түсетініне және халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге үлес қоса беретініне күмәнім жоқ», - делінген хатта.

Телефон арқылы ыстық лебізін Ресей Президенті Владимир Путин де жолдап, Қасым-Жомарт Тоқаевты сайлаудағы айқын жеңісімен құттықтады. Әңгіме барысында Қазақстанның Ресеймен жан-жақты ынтымақтастық жөніндегі ұстанымы жалғаса беретіні сөз болды. Сондай-ақ, мемлекет басшысы әріптесін алдағы Ресей күні мемлекеттік мерекесімен құттықтады.

Альбина ӘШІМ

Хабарламаларға жазылу