Алматыда «Ескі шаһар» көрмесі өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда «Ескі шаһар» көрмесі өтті

12.12.2018

Алматыда Қазақстандағы Өзбекстан елшілігінің бастамасымен «Ескі шаһар» атты ауқымды көрме өтті. Аталған шара Елбасының биылғы жылды «Қазақстандағы өзбектер жылы» деп арнайы бекітуіне байланысты ұйымдастырылды. Оған Дилором Мамедова, Дилмурад Юлдашев және Абдухаким Каримов сынды атақты өзбек суретшілері қатысты.                                                    

Көрмеге суретшілердің сайын дала көрінісін бейнелеген туындылары қойылды. Әр сурет байырғы өзбек даласынан сыр шертеді. Қылқалам арқылы Өзбекстанның тарихын таныстырғысы келген шеберлер табиғат сұлулығын ерекше бояулар арқылы көрсеткен.

Дилором Мамедов, суретші, графист:

Мен өзімнің туындыларымда сәулелі Өзбекстанды бейнеледім. Айтқым келетіні қазақтар өте қонақжай, әрі жүзі жарқын халық. Біздің еліміз бен Қазақстанның туыстас елдер екендігін бүгінгі іс-шара дәлелдеді. Өзбектер мен қазақтардың тарихы бір және бауырлас жұрт деп санаймын.

 «Қазақ суретшілері туысқан ел шеберлерінің өнерін жоғары бағалады. Өйткені, бұл картиналардан түркі әлеміне ортақ рух сезіледі»,-дейді мамандар.

Өмірбек Жұбаниязов, Қазақстан Суретшілер Одағының Төрағасы:

Бұл екі елдің тұңғыш көрмесі деп айтуға болады. Қазақстанда Тәуелсіздік алғалы бері тұңғыш рет өзбек суретшілерінің көрмесі өтіп отыр.  Түріміз де, дініміз де, тарихымыз да – ортақ.

Қазір Қазақстан мен Өзбекстан арасында барлық бағыт бойынша ынтымақ бар. Екі ел арасындағы достық қарым-қатынас,  өнер мен мәдениет байланысы нығайып келеді.

 Саидикрам Ниязходжаев, Өзбекстан Республикасының Қазақстандағы Елшісі:

 Екі ел Президенттерінің бастамасы бойынша, биылғы жыл «Қазақстандағы өзбектер жылы» болып бекітілген. Біздің қарым-қатынас жылдан-жылға нығая түсіп, өмірдің барлық бағыты бойынша өзінің жемісін алып келеді деп үміттенеміз.

Өзбекстан халқы биыл қазақтың дара тұлғасы Абай Құнанбайұлының туған күнін атап өтіп, өз көрермендеріне «Абай сөзі» киносын ұсынған. Өзбек Президентінің жарлығы бойынша, ұлы тұлғаны жан-жақты зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал келер жыл «Өзбекстандағы Қазақстан жылы» болып жарияланды.

Аманкелді СЕЙТХАН

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.       

Хабарламаларға жазылу