Сыр елі мызғымас достықтың мекені - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сыр елі мызғымас достықтың мекені

09.01.2015
Сыр елі мызғымас достықтың мекені

Өңірдегі 30-ға жуық ұлт пен ұлыс өкілдерінің ежелден қалыптасқан бауырмал қарым-қатынасы мен сыпайы сыйластығы оған толық дәлел бола алады.  

Қызылордадағы 11 этноәдени бірлестік мүшелері аймақтағы барлық маңызды шараларға белсене араласып, елдегі татулық пен бірлікті паш етіп келеді. Соның бірі – «Славяне» орталығы.  

Сыр өңірінде 10 мыңға жуық славян ұлтының өкілі тұрады. Олар облыстың қоғамдық-мәдени өмірінен ешқашан тысқары қалмайды.

Елімізде болып жатқан оңды өзгеріс, аймақтағы жылт еткен жаңалықтың қай-қайсысы да бұлар үшін ерекше маңызды.     

Галина Щербакова, «Славяне» этномәдени орталығының жетекшісі:

Еліміз тыныш, ешкім ешкімге соқтығып жатқан жоқ. Түнде ұйқымыз тыныш, айналамыз аман. Әнімізді айтып жатырмыз, биімізді билеп жүрміз. Қарнымыз тоқ. Алаңсыз өмір ғой бұл. Ал енді мұнан артық қандай бақыт бар?  

Елена – орталықтың белсенді мүшесі. Қоғамдық жұмыстардың үнемі бел ортасында жүреді. «Қазақ тілім өз тілімдей. Қазақтар туған-туысымдай», - дейді ол.

Татулықтың негізгі тірегіне айналған ынтымақтастық үлгісін осылай танытқан сырбойындағы өзге ұлт өкілдері қашанда жүректеріне достықты жақын тұтады. 

Елена Рыбина, «Славяне» этномәдени орталығының мүшесі:

Орталықта тіл үйретумен қатар, қолөнер бұйымдарын жасауды үйрететін арнайы үйірмелер жұмыс істейді. Яғни, оған кез-келген өнерге қызығушылығы бар, балалар, жастар келе алады. Және тек қана орыс ұлтының ғана емес, қазақ, корей, неміс ұлтының өкілдері де келеді.

Елімізде тұратын сан ұлт өкілдерінің  жүзі басқа болғанымен жүрегі бір, тілі басқа болғанымен  тілегі бір. Оларды біріктіріп отырған ортақ мүдде-бейбіт өмір, ұйысқан ынтымақ, тату тірлік.

Ашур Хамидов, Өзбек этномәдени орталығының жетекшісі:

Кез-келген жұмыс істеу үшін ауызбіршілік, тыныштық пен бейбітшілік керек. Олар болмаса ешқандай жұмыс та бітпейді. Қазақстанымыз, еліміз бен жеріміз аман әрі жақсы. Жылдан жылға жоғары дәрежеге жетіп, өмір сүрудеміз.

«Мұндай жақсы өмірге еліміздегі тұрақтылықтың нәтижесінде қол жеткіздік. Яғни, татулық пен бірлік – біздің барша табыстарымыздың кілті, баға жетпес құндылығымыз» дейді Сыр өңіріндегі сан алуан ұлт өкілдері.

 

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу