Қызылорда облысында бүгін бір мезетте 6 өндіріс орны ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысында бүгін бір мезетте 6 өндіріс орны ашылды

14.12.2017

Байқоңыр қаласы табиғи газ желісіне қосылды. Бұл - Тәуелсіздікке жасалған тамаша тарту. 2014 жылдан бері өңірде «Туған жерге тағзым» акциясы ұйымдастырылып келеді. Осы үш жылдың ішінде аймақта 400-ге жуық жоба жүзеге асырылған. Бұл- елін сүйген, жерін құрметтеген азаматтардың туған жердің дамуына қосқан үлесі.

Шыныпластикалық құбыр, асфальт, әк және асфальтбетон шығаратын зауыт, құс фермасы мен мал бордақылау және сою бекеті бүгін жұмысын бастады. Бұл инвестициялық жобалардың жүзеге асуы өңірдегі озық ойлы азаматтардың еңбегінің жемісі. Олар тек кәсіп бастаған жоқ, жүздеген, мыңдаған жерлестеріне жаңа жұмыс орнын ашты. 20 іскер азамат «Сыр жанашыры» номинациясымен марапатталды. Олардың қатарында елдің мақтанышы Илья Ильин де бар.

Илья Ильин:

- Мен айтулы мереке күні қарсаңында баршаға жүрекжарды лебізімді білдіргім келеді. Еліміз өсіп-өркендей берсін! Жетістігіміз көп болсын! Тек жақсылықтар болсын!

Сыр елі қазір жыр елі ғана емес, ғылым мен білімнің де мекені. Биыл мектеп бітірген түлектің 97 пайызы орта және жоғары оқу орындарына түскен.

Асқар Жұмаділдаев, физика-математика ғылымдарының докторы:

- Егер менің ақылым болатын болса, соның 99 пайызы осы Сыр өңірінде қалыптасты. Бұдан басқа, қоссам, бір пайыз қосқан шығармын. Менің бойымда жетістік болса, артықшылық болса, еткен еңбегімнің нәтижесі болса, мұның барлығы Сыр өңірімен байланысты.

Жақында ғана «Қазақстанның 100 жаңа есімінің» қатарына тағы 4 қызылордалық енді. Олар: медицина ғылымдарының докторы, А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургиялық орталықтың басқарма төрағасы Болатбек Баймаханов, тоғызқұмалақтан 7 дүркін әлем чемпионы Әсел Дәлиева, ауылшаруашылық ғылымдарының докторы, ғалым Александр Подольских пен аудармашы, психолог Сымбат Әбдірахманова.

Ғани Құлжанов, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері:

- Облыс әкімшілігі қандай да бір жаңадан ашылып жатқан жетістіктер болса, соның басы-қасында жүргеніне ризашылығымды білдіремін.

Туған жерге деген сүйіспеншілігін ел азаматтары ісімен дәлелдеп жүр. Оған мысал, өңірде кәсіпкерлік дамып, құрылыс қарқын алды. Жол, су, газ мәселесі шешілді. Түптеп келгенде халықтың әл-ауқаты артты, тұрмысы түзелді.

 

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу