Талапкер ауылының тұрмысы түзеліп келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Талапкер ауылының тұрмысы түзеліп келеді

26.07.2014
Талапкер ауылының тұрмысы түзеліп келеді

Ауылды көркейту - бүгінгінің міндеті. Ақмола облысына қарасты Талапкер ауылдық округінде ілкімді істер атқарылуда. Жыл санап тұрғындар саны артып келе жатқан аймақта жарық, су, жол мәселелері біртіндеп шешіле бастады. Астананың маңында орналасқан елді-мекенде жаңа мектеп, сауықтыру орталықтары салынып жатыр.

Нұртуған Музамеловтың Талапкер ауылдық округінің әкімдік қызметіне тағайындалғанына көп уақыт өткен жоқ. Қызметке келді, жағдайды көрді, уәдесін берді. Енді, міне өзі бастап, білек сыбанып ауылды көркейту үшін іске кірісіп кетті.

Нұртуған Музамелов, Талапкер ауылдық округінің әкімі:

Осы ауылда қазір мектеп салынып жатыр. Балабақшалар бар. Талапкер ауылында 900 орындық мектеп бой көтерді. Бүгінде үлкен қосалқы станция салынып жатыр.

Мектептің құрылысы бітуге жақын. Ауылдағы балабақша бөбектер үшін есігін айқара ашқан. Жеңістің 70 жылдығына арналған шараға орай мұнда ардагерлерге арналған жаңа ескерткіш бой көтереді. Сондай-ақ, Қажымұхан Мұңайтпасұлының мығым мүсіні мен мұражайы ашылмақ. Мәдениет үйі, спорт үйірмелерін ашу да жоспарда бар.

Ғазизбаттал Шоғалов, Талапкер ауылының тұрғыны:

Ауылымыз енді көркейіп келе жатыр. Мектеп салынды, балабақша бар, жарық беріліп жатыр.

Жиырма мыңға жуық тұрғыны бар ауылдық округте атқарылып жатқан игі істер жетерлік. Атқаратын істер мұнан да көп. Таяуда Талапкердің орталығына алып тас орнатылды. Бірлігіміз бен тірлігіміз тастай берік болсын,  деген ниетпен.

Руслан Жылқыбай, тілші:

Мына көк тас жуырда Көкшетаудан әкелінген. Бұл тастың аты - ынтымақ пен бірлік тасы. Ынтымақ пен бірлік жарасса, бақ асса, жұрт сүйсініп қарасса нағыз бақыт осы  емес пе?!

Бірлігі бар елге бақ қонады. Бірлікпен талай істің бітері анық.

 

Руслан ЖЫЛҚЫБАЙ

Хабарламаларға жазылу