Қар құрсауында қалған Талапкер ауылының жағдайы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қар құрсауында қалған Талапкер ауылының жағдайы

28.01.2020

Елорда іргесіндегі Қажымұқан, Арайлы, Тастақ ауылдарына қатынайтын жолдың жабық жатқанына 5 тәулік. Бұрынғы жолды үш метр қар басқан. Салдарынан, Нұр-Сұлтанда жұмыс істейтін мыңдаған халық үйде отыр.

Бас қаладан таяқ-тастам жердегі Талапкер, Қажымұқан ауылдарына жету қазір қиямет қайым нақ өзі. Алматы-Екатеринбург тас жолы 3 метр қалың қардың құрсауында жатыр. Ол жаққа көлік жетпейді. Жергілікті халық жаяу-жалпылап жетіп жүр. Біз қар-шаңғысын жалға алып, жолға шықтық. Талапкер мен Қажымұқанның арасы 6 шақырым. Осы аумақтағы жолдың аты болмаса, заты қарға көмілген. Арнайы техниканың тісі мына қарға батпаған соң, дала жолын жасап берген.

Омбылап Қажымұқанға да жеттік-ау. Ауыл арасындағы жолдар бітеу. О баста жергілікті халық ақша қосып, трактор жалдаған. Күнде ашқан жолы, күнде бітеле берген соң, оны қойған.

 Қала маңындағы ауылдарды Нұр-Сұлтан әкімдігі өзінен алыстатып, Ақмола облысына қаратып қойған. Мәселе осында. 300 шақырым Көкшетаудан көмек күткен ауылдың халқы мынадай болады деп, көрсетуге болады.

Ғабит БӨКЕНБАЙ


Хабарламаларға жазылу