Тассай ауылының тұрмысы түзу - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тассай ауылының тұрмысы түзу

14.01.2014
Тассай ауылының тұрмысы түзу

Шығыс Қазақстан облысында мемлекеттік бағдарламалардың шарапатын көріп, жылдан-жылға дамып, өркендеп, өсіп келе жатқан ауылдар көп. Солардың бірі -Көкпекті ауданындағы Тассай ауылы.

 
Шалғайда жатқан шағын елді мекенде бүгінде бір мыңнан астам халық бар. 247 отбасы тұрады.
 
Қуан Түсіппеков - Тассай ауылының тұрғыны. Жасы 70-тен асқан қария саналы ғұмырын еліміздің ауыл шаруашылығына арнаған. Қазір де қол қусырып, бос отырған жоқ. Сиырларына шөп салып, күні бойы аулада ұсақ шаруаларды тындырып жүреді. Айтуынша, шалғайда жатқан шағын ауылының тұрмыс-тіршілігі түзу. 
 
Қуан Түсіпбеков, Тассай ауылының тұрғыны:
Біз Қытайен шекараласып жатқан, Зайсан көліне жақын жатқан ауылдың біріміз. Бұрын мұндай дүние болған жоқ, Халықтың көңіл-күйі тұрмыс-тіршілігіне байланысты. Өзіңнің тіршілігің жақсы болса, көңіл-күйің жақсы болады.
 
Өткен жылдың соңында Тассай ауылының тұрғындары ұзақ жылдар бойы армандаған сапалы ауызсуға қол жеткізді. Бұл үшін «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша 190 миллион теңге бөлінген. Бүгінде су әрбір үйге тартылған. 
 
Атасын шайға шақырып жүрген бала - Қуан Түсіпбековтің немересі. Ақсақалдың өмірлік жары алтын құрсақты ана. 8 баланы дүниеге әкеліп, бүгінде солардан немере, шөбере сүйіп отыр. «Облыс орталығынан, Елордамыз Астанадан алыс орналассақ та, Үкіметтің шарапатынан кенде емеспіз», деп қуана айтады кейуана.
 
Райхан Түсіпбекова, Тассай ауылының тұрғыны:
Шалғайдағы ауыл болса да, көшелерге жарық орнатты, жанармай құю станциясы, бірнеше дүкен бар.
 
Бүгінде Тассай ауылында 12 дүкен бар. Ал осыдан 3 жыл бұрын олардың саны 7-еу ғана болатын. Бұл шағын елді мекенде кәсіпкерліктің дамып келе жатқанын көрсетеді.
 
Берік Көшербаев, тілші:
Тассай ауылындағы клубтың іргетасы 1960 жылдары қаланған. 50 жылда ғимарат, әбден ескірген, шатыры тесіліп, тозған болатын. Бірақ қазіргі көрінісі жаңадан салынған сияқты. 2011 жылы жергілікті бюджеттен 15 миллион теңге бөлініп, мәдени ошақта күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген.
 
Қазіргі уақытта мұнда түрлі үйірмелер жұмыс істеп тұр. Кітап оқимын деген бала да керегін осы жерден табады. Жалпы, ауылдағы мектепте 236 бала бар. Ұстаздардың арасында жастар көп.
 
Берік Бәйгереев, география пәнінің мұғалімі:
«Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша туған мектебіме келіп, еңбек етіп жатырмын. Жұмыс істеуге барлық жағдай жасалған. Көтерме жәрдемақымен, тұрғын үймен қамтамасыз етіп жатыр.
 
Ауылдағы халықтың басым бөлігі Зайсан көлінен балық аулаумен айналысады. Мал шаруашылығымен шұғылданатындар да аз емес.
 
Семейхан Далбин, Тассай ауылдық округінің әкімі:
19 шаруа қожалығы, 1 жауапкершілігі шектеулі серіктестігіміз бар. Жеке кәсіпкерлікпен айналысатын 42 адам бар.
 
Кәсіпкерлікпен айналысу үшін былтыр 3 адам «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасына қатысып, шағын несие алыпты. Екі адам мемлекеттің қолдауымен мал өсіруге бел буса, үшінші адам ауылда наубайхана ашқалы жатыр.
 
 
 
Берік КӨШЕРБАЕВ

Хабарламаларға жазылу