А.Тажаяқовқа қатысты үкім 16-қазанда шығады (толығырақ) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

А.Тажаяқовқа қатысты үкім 16-қазанда шығады (толығырақ)

22.07.2014
А.Тажаяқовқа қатысты үкім 16-қазанда шығады (толығырақ)

Қазақстандық студент Азамат Тажаяқовқа қатысты сот үкімі қазанның 16-да шығады. Ал, екінші отандасымыз  - Диас Қадырбаевқа байланысты процесc қыркүйектің 8-не белгіленіп отыр.

Айта кетсек, кеше Тажаяқовқа ресми түрде айып тағылды.

 Америка әділет органдары «Азамат тергеуге бөгет жасады және Джохар Царнаевты  қорғауға әрекет етті», деген ұйғарымға келген.

 Айыптаушылардың сөзіне қарағанда, Тажаяқов Бостондағы жарылыстан кейін бірнеше күн өткенде Царнаевтың пиротехника салынған рюкзагын сыртқа шығарған.

Алайда, адвокаттардың сөзінше, сөмкені бөлмеден Азамат емес, Диас Қадырбаев әкеткен.

Тағылған кінәні жоққа шығарған Тажаяқов 25 жылға сотталуы мүмкін. 20 жыл - тергеуге кедергі келтіргені үшін, 5 жыл - сыбайласа қылмыстық келісімге барғаны үшін.

Қорғаушыларының сөзіне қарағанда, бұл атышулы істе өзге күдіктілердің жағдайы мейлінше қиын болуы мүмкін.

Николас Вулбридж, А.Тажаяқовтың қорғаушысы:

Егер Азаматтың жағдайы мұнша қиын болып тұрса, өзгелер үшін бұл процесс тіпті оңай болмайды. Себебі, Азаматқа қатысты фактілер бұған дейін оңтайлырақ көрінді.

«Тажаяқов айыпты, деп танылған сәтте сот залында оның ата-анасы мен қарындасы отырды. Ұлының кінәлі екенін естігенде әкесінің ұнжырғасы түсіп кетті, анасы көз жасына ерік берді»,- деп хабарлайды жергілікті ақпарат құралдары.

Естеріңізге сала кетсек, Бостонда екі жарылыс 2013 жылы сәуірде марафонның финишінде болып, 3 адам қаза тапты. 260-тан астамы жараланды.

 Егер кінәлі деп танылса, Джохар Царнаев биыл қараша айында өлім жазасына кесілуі мүмкін.

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу