Алматы облысында ауыл шаруашылығы саласы өркендеуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында ауыл шаруашылығы саласы өркендеуде

22.07.2014
Алматы облысында ауыл шаруашылығы саласы өркендеуде

Алматы облысы ауыл шаруашылығы өнімдерімен республиканың 17 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Бүгінде Жетісу жерінде бұл саланың әлеуеті артып келеді. Биыл  өңірде егін орағы ойдағыдай өтуде. Жыл сайын өнім көлемі 30-40 пайызға артып отыр, дейді мамандар.

Сәкен Бабайбековтың  «Қаратал» шаруашылығында істегеніне 20 жылдан асты. Алғашында қарапайым жұмысшыдан бастаған ол - қазір бас агроном. Еңбектің көзін тапқан байлықтың өзін табатынын айтады.

Сәкен Бабайбеков, «Қаратал» АҚ бас агрономы:

Шаруашылықтың жағдайы жақсы. Енді уақытында бітірсек пе, деп отырмыз. Биыл 23 миллион теңгеге жаңа комбайн алдық.

1994 жылы құрылған «Қаратал» шаруашылығы бүгінде өз өнімімен республиканы толық қамтамасыз етеді. 100-ден астам жұмысшы да нәпақасын осы жерден айырып отыр.

Индира Бегайдар, тілші:

Шаруашылық 800 гектардан астам жерге бидай екті. Мамандардың айтуынша, биыл өнім көлемі арта түспек. Әр гектардан шамамен 20 центерден аламыз, деп жоспарлауда.

Серікжан Жексенбиев, «Қаратал» АҚ басшысы:

Егін шаруашылығының өзіне биыл 7 миллионға жуық субсидия алып жатырмыз.  Жанармайды арзандатылған бағамен 95 теңгеден беріп жатыр.

Алматы облысы – аграрлы аймақ. Қазіргі таңда Жетісу жерінде ауыл шаруашылығы саласы өркен жайып келеді. Айта кетейік, былтыр 381 миллиард теңгеге ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілсе, биыл бұл көрсеткіш 431 миллиард теңгеге дейін жетеді, деген жоспар бар.

Тынышбай  Досымбеков, Алматы облысы әкімінің орынбасары:

448 мың гектар суармалы жер бар. Ол дегеніміз су болса, ыстық болса, өнім көлемі көп болады, деген сөз.

Жалпы, Жетісу жерінде 914 мың гектар жерге егін егілді. Қазір орақ науқаны ойдағыдай өтуде. Мұның бәрі мемлекет қолдауының арқасы, дейді шаруалар.

Алда атқарар жұмыс аз емес. Оған Сәкен Бабайбеков сынды мамандар бар күш-жігерін салады.

Индира БЕГАЙДАР

Хабарламаларға жазылу