Алматы облысында мал шаруашылығы өркендеуде

31.07.2014
Алматы облысында мал шаруашылығы өркендеуде

Алматы облысында «Сыбаға» бағдарламасының арқасында ет өндірісінің әлеуеті артып келеді. Мәселен, биыл 21 мың бас аналық мал мен 4,5 мың бас шетелдік асыл тұқымды ірі қара сатып алынды.  13 мың ірі қараға арналған мал бордақылау алаңы жасақталды.

«Сыбағаның» шапағатын көргендердің бірі – Қайратбек Бершімбеков. Ол осыдан 20 жыл бұрын жеке шаруа қожалығын ашқан болатын.

Алғашында қиналды, мал санын арттыруда кедергілер көп болыпты. Бірақ, мемлекеттік бағдарлама қолдау болып, тұрмысын түзеді. Қазір шаруашылықтағы мал санын 14 есе арттырды.

Индира Бегайдар, тілші:

«Сыбаға» бағдарламасының арқасында шаруашылықтың тамырына қан жүгірді бүгінде. Алғашында 60 сиырдан бастаған шаруа қожалығында бүгінде 1 мыңнан астам сиыр бар. Келесі жылы оның санын 5 мыңға жеткізу көзделуде.

Шаруашылық 1999 жылы құрылған. Мұнда 20-ға жуық адам жұмыс істейді. Ең бастысы,  етті ірі қараны өсіруге ден қойылған. Әр сиыр, бұқаның салмағы 180 келіден 450 келіге дейін тартады.

Әрине, есесі қайтқан еңбек игі. Қазір бұл шаруа қожалығы Алматы облысының барлық ауданы, онымен қоса Алматы, Астана, Өскемен қалаларына ет сатады.

Қайратбек Бершімбеков, шаруа қожалығының басшысы:

Осы Сарқан ауданына «Ангуст» деген сиыр алып келейін деп жатырмын. «Сыбаға» деген өте жақсы бағдарлама екен. 2 жыл төлемейсің, оған дейін мал да көбейеді.

Жалпы, Алматы облысында 3 миллион 200 мың қой, 870 мың ірі қара, 256 мың жылқы, 10 миллион құс және 8 мыңға жуық түйе бар. 166 мың сүтті сиырдың әрқайсы жылына орта есеппен 2 мың 700 литр сүт береді.

Бір сөзбен айтқанда, шығын аз, табыс көп. Жетісулық шаруалар былтыр 381 миллард теңгеге ауыл шаруашылығы өнімін өндірді, биыл одан аспасақ, кем түспейміз деп отыр.

Тынышбай Досымбеков, Алматы облысы әкімінің орынбасары:

«Сыбаға» бағдарламасын артығымен орындап тастадық. Импортқа келетін болсақ, биыл 2400 бас сатып аламыз. Былтыр 4069 бас сатып алдық. Енді 2800 бас келеді деп отыр. Жоспарды 3 есеге артығымен орындаймыз ба деген мақсат бар.

Шаруалар Елбасының 2016 жылға қарай ет экспортын 60 мың тоннаға жеткізу бойынша берген тапсырмасын ойдағыдай жүзеге асыру үшін барынша күш салмақ.

Биылдың өзінде 315 мың тонна ет өткізу көзделуде. Оған Қайратбек Бершімбеков сынды білікті мамандар сүбелі үлес қосады.

Индира БЕГАЙДАР

 

Хабарламаларға жазылу