Күнгейдегі шаруалар ағын суға зәру. Оңтүстік Қазақстан облысы, Аққала ауылы диқандарының егіндері қурап жатыр. Бір жарым айдан бері су берілмегендіктен өнім шықпай, еңбектері зая кеткен. Кейбірі тіпті егінін тастап кетіпті.
Аққаладағы шаруа Марат Сұлтанбеков 8 гектар алқапқа қауын, қарбыз еккен. Алайда, егістік жер дер кезінде суарылмағандықтан, еккен өнім солып барады. Тапшылықтың тауқыметін тартқан шаруа енді су жақын күндері берілмесе, онда өнімнің барлығы қурап қалады деген уайыммен жүр.
Марат Сұлтанбеков, шаруа:
Мына сегіз гектар күйді. Тастаймыз енді бала-шағамызбен барлығын. Үміт жоқ. Суды күткенімізге бір жарым айдан асып кетті.
Ағын суға тапшылықты Аққаланың 83 шаруа қожалығы сезінуде. Себебі, егістікке Қызылқұм каналынан келетін «3К-3» арнасына соңғы бір жарым айдан бері мардымды су жіберілмепті. Содан бері көмек сұрап бармаған жеріміз жоқ. Бірақ, суға жауаптылар су беретін түрі жоқ,- деп ашынады диқан қауымы.
Зәкіш Бегманова, шаруа:
Несие алып істеп жатырмыз үйлерімізді тігіп. Ертең сол несиені де жаба алмаймыз. Содан кейін банкротқа кеткеннен соң, қолымызда ештеңе қалмайды.
Тұрлан Исабеков, Ауылдың су таратушы маманы:
Екі мың гектар су берілуі керек тәртіп бойынша. Ал, бұл жерде біз 200 гектарды да суара алмай жатырмыз қазір. Оны бәріне айтып жатырмыз. Бізге ешқандай жәрдем жоқ.
Суға жауапты «Қазсушар»-дың мамандары болса, «шаруалар ағын суға өткен жылдан бері қарыз», дейді. Оның соммасы 1,5 миллион теңгеге жеткен. Сондықтан, судан шектеулер бар екенін жасырмайды.
Дегенмен, «суды мүлдем жаппаймыз, ішінара жіберіп тұрамыз»,-деп ақталды. Оның үстіне жуырда ғана 800 миллион теңгеге салынған каналдың талапқа сай еместігі де судың тапшылығына себеп болуда.
Бегалы Алтуреев, «Қазсушар» РМК ОҚОФ Шардара бөлімшесінің басшысы:
Каналдың алдыңғы жағы биік. Бармайды су оған. Сол үшін каналды қалпына келтіру керек.
Шаруалардың айтуынша, Қызылқұмнан «3К-3» арнасына толық су жету үшін 20 сағат қажет. Егер ол уақытты сақтамаса, ағын су кері кететін көрінеді. Осы ұсынысты ескерген суға жауапты мамандар жақын күндері «Аққаланың егістіктеріне су жібереміз»,- деп уәдесін берді.
Айнұр АҚБАЕВА