Балалардың жазғы демалысы қызықты өтуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Балалардың жазғы демалысы қызықты өтуде

08.07.2014
Балалардың жазғы демалысы қызықты өтуде

Алматы облысында балалардың жазғы демалысы қызықты өтуде. Оны ойдағыдай ұйымдастыру үшін бюджеттен қомақты қаражат бөлінген.

Мамандар аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың ұл-қыздарына жазғы демалысын мазмұнды өткізуіне бар күш-жігерлерін салып жатыр.

Жазғы лагерьге баруға асыққандардың бірі - Ермахан Биқожаұлы. Тұрмысы қоңыртөбел отбасынан шыққан ол бұл жерде төртінші жыл қатарынан демалып келеді.

Оқушының айтуынша, мұнда тынығып,көңіл көтеруге, тіпті біліміңді шыңдауға да барлық жағдай жасалған.

«Сондықтан да, лагерьде білген-түйгенім сабақты ары қарай да жақсы оқуға серпін береді», дейді ол.

Ермахан Биқожаұлы,оқушы:

Мен бұл лагерьге келу үшін сабақты 5-пен оқыдым. Маған бұл лагерь қатты ұнады. Келесі жылы да 5-пен оқып, тағы келгім келеді. Бұл жерден мен көп дос таптым.

«Алтын Шаша» жазғы сауықтыру лагері 2011 жылдан бастап жұмыс істейді.  Бұл жерде балалар 6 кезең тегін демалады.

Бір жазда 1,5 мың бала қабылдайды. Әрбір топқа тәрбиешілер, ән-күй сабағын беретін мұғалімдер, мектеп дәрігері бекітілген.

Жалпы,Алматы облысында 1-10 сынып аралығында 281 мың 772 оқушы болса, солардың 274 мыңы жазғы демалыспен қамтылған.

Майгүл Омарова, Алматы облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары:

Ол 97,5 пайызды құрамақ. Бізде облыс бойынша жаз мезгілінде қала сыртындағы 35 лагерь жұмыс істейтін болады.

Айта кетейік, Алматы облысының барлық балалар лагерьлеріне шетелдік мамандар шақырылған.

Олар балдырғандарға өзге тілді үйретіп, білімімен,тәжірибесімен бөлісуде. Ең басты мақсат - білікті азамат тәрбиелеу.

Балаға деген қамқорлық - болашаққа құйылған инвестицияның ең тиімдісі. Мамандардың айтуынша, келесі жылы оқушылардың 100 пайызы жазғы демалыспен қамтылатын болады.

Индира БЕГАЙДАР

Хабарламаларға жазылу