Астанадан басталған мотошеру бүгін Бельгияға жетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанадан басталған мотошеру бүгін Бельгияға жетті

09.06.2014
Астанадан басталған мотошеру бүгін Бельгияға жетті

Астанадан басталған мотошеру бүгін Бельгияға жетті. Брюссельге келген мотошабандоздарды еліміздің Бельгиядағы Елшілігі, Қазақ диаспорасының өкілдері мен жергілікті тұрғындар қарсы алды.

 
Байкерлер Еуропа жұртшылығына Нұрсұлтан Назарбаевтың «G-Global» жобасын таныстырып, EXPO көрмесіне қатысуға шақырды.
 
Ресей, Солтүстік Еуропа елдері арқылы Еуропалық одақтың астанасы, Бельгияның бас қаласына байкерлер таң ата жетті.
 
 8 мың шақырым жолды бағындырған мотошабандоздар Брюссельде жаңбырдың астында қалды. «Нұр жауды», деп жақсылыққа жорыған жиһанкездердің көңілдері көтеріңкі.
 
Серік Сұлтан, мотошабандоз:
Көпшілігі  «Қазақстан туралы білеміз, естігенбіз, жаңалықтан көргенбіз», деп жатты. Кейбірі біздің сапарға шыққанымызды естіпті. Копенгагенде  «қалай баруға болады?», деп сұрап жатқандар бар.  Бәрін қонаққа шақырып жатырмыз.
 
2017-де Астанада өтетін EXPO көрмесі, Нұрсұлтан Назарбаевтың «G-Global» жобасын байкерлер бәріне байыппен түсіндіріп жүр.
 
Мотошабандоздардың Брюссельдегі Атомиум монументінің жанына жиналулары да тегін емес. Өйткені, 1958 жылы халықаралық көрмеге арнайы салынған кешен атомды бейбіт мақсатта пайдалануға үндейді.
 
«G-Global» аясында жүзеге асырылып жатқан «АТОМ» жобасының да көздегені - осы.
 
Диас Байсейітов, мотошабандоз:
Жақында Астанада өткен экономикалық форумда «G-Global»аясында дағдарысқа қарсы екінші бағдарлама қабылданды. Бұл - дағдарыстан шығудың жолын іздеген Еуропа елдері үшін өте маңызды бағдарлама. Еуропалықтар Қазақстанның табиғи ресурстарға бай мемлекет екенін біледі. Бірақ, біздің «жасыл» экономикаға көшкенімізді көбісі естімепті. Біздің мақсатымыз - Қазақстанда инновацияның дамып келе жатқанын, Күн сәулесінен қуат алатын, желмен жұмыс істейтін станциялардың салынып жатқанын көпке жеткізу.
 
Мотошабандоздар елдегі тың жаңалықтармен бөлісіп қана қоймай, қазақтың салт-дәстүр, мәдениетін де көпке паш етті.
 
Еуропалықтар домбыраның үніне, мыңдаған шақырым жерді мотоциклмен бағындырған байкерлердің ержүректігіне тәнті болды. Енді бәрі Астанаға, Қазақстанға баруға ынтық.
 
Нұрсұлу Қасым, тілші:
Мотошабандоздардың Бельгияға сапары осымен тәмам. Қазір олар Парижге жол жүріп бара жатыр. Франциядан соң, Италия, Австрия, Венгрия, Румыния, Болгария елдеріне аттанады. 6-шілдеде Астана күніне үлгереміз, деп отыр. Ендеше, біз де сапар сәтті болсын деп тілейік.
 
Нұрсұлу ҚАСЫМ

Хабарламаларға жазылу