Аптаның басты саяси оқиғалары аталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Аптаның басты саяси оқиғалары аталды

11.03.2014
Аптаның басты саяси оқиғалары аталды
«Байқоңыр» ғарыш айлағының экологиялық мәселелері осы аптада өтетін Қазақстан-Ресей ғылыми-техникалық кеңесінің отырысында талқыланады. Бұл туралы аптаның басты саяси оқиғаларынан хабардар еткен Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев мәлімдеді. 
 
Сондай-ақ бір топ Парламент депутаты ТМД елдері парламентаралық ассамблеясының бюджеттік бақылау комиссиясының отырысына қатысу үшін Бакуге барады.
 
Елдегі «100 мектеп 100 балабақша» бағдарламасының орындалу барысы мен нәтижесі Үкімет жанындағы Денсаулық сақтау жөніндегі ұлттық үйлестіру кеңесінің 22 ші отырысында сөз болады. Отырысқа вице-премьер Гүлшара Әбдіқалықова төрағалық етеді.
 
Бүгін сондай-ақ елімізге Халықаралық көрмелер бюросының Бас хатшысы Висенте Лоссерталес жұмыс сапармен келді. Ресми кездесулерден бөлек Лоссерталес мырза журналистермен де арнайы кездеседі деп жоспарлануда.
 
Алтай Әбибуллаев, ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің ресми өкілі:
Сапар барысында Висенте Лоссерталес мырза Астанада өтетін ЕХРО-2017 халықаралық көрмесін өткізу жөніндегі дайындық жұмысының барысымен танысады. Сонымен қатар, Астанада бірқатар маңызды екі жақты кездесулер өткізеді. Осы ретті пайдалана отырып, жұма күні Висенте Лоссерталес мырзаны осы біздің Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингке арнайы шақырып отырмыз.
 
Ал брифингтің екінші бөлігінде елдегі кәсіпкерлікті қолдау саясаты, оның ішінде шағын және орта бизнестегі әйелдердің рөлі кеңінен сөз болды. Оған «Даму» қорының басшысы мен мемлекет қолдауымен кәсібін кеңейтіп отырған бизнес белсенділері келді.
 
 «Даму» қоры қаржыландырған барлық жобалардың 38 пайыздан астамы әйелдерге тиесілі. Ал жалпы елдегі шағын кәсіпкерлердің 50 пайызға жуығы қыз-келіншектер екен.
 
Жиынға қатысып, жеке жетістігімен бөліскендердің ішінде Гүлмира Қыдырқызы да болды. Ол қордың қолдауымен кәсіп ашып, Жамбыл облысында 250 адамды жұмыспен қамтып отыр. Ал ең бастысы ұлттық тағам «Бешбармаққа» арналған макарон өнімдерімен ішкі нарықты қамтып қоймай, оны алыс-жақын шетелге де экспорттап отыр.
 
 Гүлмира Қоңқашева, «Та-Мақ» ЖШС-ның директоры
Германия, Италия,Франция, Испания едеріне бүгінгі таңда өнімнің 10 пайызын экспорттаймыз. Алдағы уақытта 22 пайызға көтерсем бе деген жоспар бар. Біздің өнім етке арналған өнім болса, лағман, кеспе түрлерін шығарады.
 
 
Дулат АБИБУЛЛАЕВ

Хабарламаларға жазылу