Шымкенттің экологиялық ахуалы бақылауда
Шымкенттің экологиялық ахуалы жергілікті атқарушы органның жіті бақылауында. Әлеуметтік желілерде шаһардағы зауыт-фабрикалар ауаға зиянды түтін таратады деген ақпарат тараған еді. Мегаполис басшысы кәсіпорын өкілдерімен кездесіп, мәселені талқыға салды. Шымкенттегі бірқатар зауыт-фабрика өндірістік қалдықтарды бейберекет шығарып, атмосфераға зиянды қалдықты мөлшерден тыс таратқан. Мұны Экология департаментінің мамандары байқап, арнайы мониторинг жүргізді.
Ермахан Қозыбаев, қалалық Экология департаментінің басшысы:
Кез келген өндіріс орнында тазарту құрылғысы жұмыс істеуі қажет. Зиянды заттар осы қондырғы арқылы ғана ауаға жіберілуі қажет. Көп жағдайда түнгі уақытта үнемдеу үшін сорғыларды өшіріп қояды. Сол себепті түтін жан-жаққа шығып кетеді.
Жиында өндіріс орындарының өкілдері экологиялық талапты қалай сақтап отырғаны жайлы есеп берді. Бірқатар кәсіпорын өз өндірісіндегі тазарту жүйелерінің жұмысын көрсетті. Мәселен, мұнай өңдеу зауыты қала әкімі қойған талаптарды ескеретінін, кәсіпорын ауаға тек арнайы сүзгіден өткен түтін шығаратынын мәлімдеді.
Мұхамеджан Аблаев, мұнай өңдеу зауытының техникалық директоры:
Жанған өнімдер мен түтіндерді ауаға 98 пайыз зиянсыз етіп жіберетін арнайы құрылғы бар. Сол сүзгіден өткізеді. Әлемде мұндай 8 ғана құрылғы бар. Соның бірі бізде.
Қазгидромет дерегінше, мегаполистегі ауа сапасының деңгейі көтеріңкі. Бірақ бұл экстремалды қауіп емес. Өндіріс ошақтары мен көлік қозғалысының артуына байланысты ауаға таралатын зиянды заттардың көлемі 31 мың тоннадан 47 мың тоннаға көбейген.
Ермахан Қозыбаев, қалалық Экология департаментінің басшысы:
Оған даурығудың, дүрбелең туғызудың қажеті жоқ. Бұл іспен айналысып жатқан мемлекеттік органдар бар. Атмосфералық ауа деңгейін бақылап отыратын 6 бекет бар. Деңгей көтеріңкі, бірақ қауіпті емес.
Жиын соңында қала әкімі арнайы мониторинг тобын құрып, өндіріс ошақтарын тексеруді тапсырды. Мониторинг тобының құрамына зауыт-фабрикалар маңында тұратын тұрғындар мен қоғам белсенділері, сондай-ақ әкімдік қызметкерлері енеді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы