Ардагер аналар ардақталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ардагер аналар ардақталды

06.03.2014
Ардагер аналар ардақталды

Әйелдер күні мерекесі қарсаңында Астана қалалық Ішкі істер департаментінің қызметкерлері бір топ ананы құттықтап, сый тарту етті. Солардың қатарында еңбегімен елеулі Жаңылхан Жұмағұлова да бар.

 
Жаңылхан Жұмағұлова - бүгінде тоқсанды алқымдаған ақ жаулықты ана. Оның өнегелі өмірі көпке үлгі боларлық. Мәселен соғыс кезінде тылда еңбек етті, небәрі 7 сыныптық білімімен 40 жылдан астам бас есепші қызметін атқарды.
 
Жолдасы Биахмет те артында өшпес із қалдырды. Cоғыста Отанды ерлікпен қорғады. Майданнан мүгедек болып оралса да мойымай, адал еңбегімен мақсатына жетті. Бір сөзбен айтқанда, Жұмағұловтар тірлігі берекелі отбасы болды.
 
Мұратхан Биахметұлы, Астана қаласының тұрғыны:
Сондай жылы, мейірімді, көп сөзбен ақыл айтпайтын, ісімен көрсететін. Анам бізді тазалыққа, шындыққа үйреткен. Жоғары болғың келе ме, оқы дейтін.
 
Жаңылхан Есіркеқызы арқаны кеңге салып, қол қусырып қарап отырғанды ұнатпайтынын айтады. Кейуана қазіргі таңда 200-ден астам кесте, тоқыма тоқыды.
 
Жалпы, Жұмағұловтар отбасында 9 бала дүниеге келген. Үлкені 67-де болса, кішісі 50-ге келді. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дегенді ұстанған отбасының балалары да тәрбиелі.
 
Жаңылхан Жұмағұлова,  зейнеткер:
Біз бақытты адамбыз. Шөберелерім есіктен жетіп келеді әже деп, сол кезде көңілім көтеріліп қалады. Өзімді 40-50 де екенмін деп қаламын.
 
Көктем мерекесіне орай жылы лебіз, құттықтаулардан біздің кейіпкеріміз де тыс қалған жоқ. Құрметке бөленді, қымбат сыйлық алды. Бірақ Жаңыл Есіркеқызы үшін ең басты сый - ол еңбегінің еленгені, балаларының құрметке бөлегені.
 
 
Индира БЕГАЙДАР

Хабарламаларға жазылу