Қазақстанда нотариустардың саны артқан

21.02.2014
Қазақстанда нотариустардың саны артқан
 
Қазақстанда нотариустардың саны соңғы жылдары бір мыңға көбейген. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Әділет министрінің орынбасары Зәуреш Баймолдина хабарлады.
 
Қазір елімізде 3 351 нотариус тіркелген. 2012 жылы олардың саны 2 299 болатын. Ал тіркелген адвокаттардың саны 4,5 мыңға жуықтаған. Олардың барлығы Үкімет бекіткен бірыңғай тариф бойынша қызмет көрсетеді.
 
Вице-министр сондай-ақ, әрбір қазақстандық заң жобаларын әзірлеуге атсалыса алатындығын айтты. Ол үшін бар болғаны Әділет министрлігінің ресми сайтына ұсыныстарын жолдаса болғаны.
 
Ал министрлік жұмысының басым бағыты ретінде жаңа Кодекстерді халықаралық стандарттарға сәйкестендіріп, қылмыстық жазалау және әкімшілік жауапқа тарту саласын ізгілендіру жұмыстары аталды.
 
Зәуреш Баймолдина, ҚР Әділет министрінің орынбасары:
Сонымен қатар, меншік құқығын қорғауды күшейтуге, шарттық міндеттемелерді қорғауды кепілдендіруге және оларды бұзғандарға жауапкершілікті қатаңдатуға, сот шешімдерін орындау жүйесін жетілдіруге және дауларды соттан тыс реттеу институттарына елеусіз мәселелер бойынша дауларды беруге бағытталған заң жобалары әзірленді.
 
Дулат АБИБУЛЛАЕВ

Хабарламаларға жазылу