Астана тұрғындарының саны артқан

22.07.2015
Астана тұрғындарының саны артқан

Астана қаласы халқының саны есеп бойынша 2015 жылғы 1 маусымда 861968 адамды, соның ішінде «Алматы» ауданы бойынша - 380856 (44,2%), «Есіл» ауданы бойынша - 131449 (15,2%), «Сарыарқа» ауданы бойынша 349663 (40,6%) адамды құраған.

Жыл басымен салыстырғанда Астана қаласы халқының жалпы саны 9086 адамға, соның ішінде «Алматы» ауданы бойынша - 1002 адамға, «Есіл» ауданы бойынша - 4621 адамға, «Сарыарқа» ауданы бойынша 3463 адамға көбейген.

2015 жылғы қаңтар-мамыр айлары аралығында халықтың табиғи өсімі 8530 адамды, көші-қон өсімі 556 адамды құраған.

2015 жылғы қаңтар-мамыр аралығында Астана қаласы бойынша тұтастай алғанда 10128 сәбидің туғаны тіркелген, бұл өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 5,6 пайызға артқан. Сонымен қатар, халықтың табиғи өсімі өткен жылғы қаңтар-мамырмен салыстырғанда 4,9% артып, 8530 адамды құраған.

Осы кезең ішінде қалада 1598 адам қайтыс болған, бұл 2014 жылғы қаңтар-мамырдағы көрсеткіштен 9,2 пайызға артық.

2015 жылғы қаңтар-мамыр аралығында1 жасқа дейінгі 85 нәрестенің шетінегені тіркелген, бұл 2014 жылғы сәйкес кезеңге қарағанда 19 оқиғаға көп. Сәбилер өлім-жітімінің коэффициенті 8,39 (2014 жылғы қаңтар-мамырда - 6,88) құрады.

Халықтың өлім себептерінің негізгі топтарының арасында ең үлкен үлес салмақты, әдеттегідей, қан айналымы жүйесі аурулары - 35,9%,  жаңа өскін - 20,3%, тыныс алу органдарының аурулары - 11,4% , жазатайым оқиғалар, улану және жарақаттану 11,4% алады.

2015 жылғы қаңтар-мамырда АХАТ органдарында тіркелген некелесулер саны өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 0,4 пайызға, ажырасулар саны 10,3 пайызға өскен.

Хабарламаларға жазылу