Зағиптардың жалғыз кітапханасы өртеніп кетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Зағиптардың жалғыз кітапханасы өртеніп кетті

29.01.2014
Зағиптардың жалғыз кітапханасы өртеніп кетті
 
Қарағандыдағы зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхана отқа оранды. Облыстағы жалғыз мекеменің арнайы абонементтік және әкімшілік бөлімдерін қамтитын 300 шаршы метр аумағы жанып кетті.
 
Бүгін түнгі 3-тен аса шатырдан шыққан өртті кітапхана күзетшісі өз күшімен сөндірмек болған. Алайда, тілсіз жау ерік бермеген соң, өрт сөндіру бөліміне хабарласқан.
 
Төтенше жағдай қызметкерлері жеткенше, мекеменің ең негізгі арнайы абонемент бөлімі жанып кетті. Сонда орналасқан 10 миллион теңгенің тифлокомпьютерлері және арнайы оқулықтар отқа оранды. Әкімшілік отыратын бөлмелердің де түгі қалмады.
 
Кітапхананың «Жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша күрделі жөндеуден өткеніне бір ай ғана болыпты. Оған 26 миллион теңгеден астам мемлекет қаржысы жұмсалған.
 
Айта кету керек, мекемеде 42 адам жұмыс істейді. Облыста 2500-ден астам зағип және нашар көретін азаматтар болса, солардың басым бөлігі осы кітапхананың оқырманы.
 
Қайыр Әбілдин, кітапхана оқырманы:
Қолмен оқитын компьютер, сосын дыбыстық жазбасы бар кітаптар бар еді. Енді осындай пәлеге ұшырап қалғаны өте өкінішті.
 
Нұрлан Бекбосынов, қалалық Төтенше жағдайлар басқармасы анықтау бөлімінің басшысы:
Анықтау бөлімі әлі жұмыстарын бастаған жоқ. Себебі, ішіне кіре алмай тұрмыз. Кітапхана қызметкерлерінен түсініктеме алып жатырмыз.
 
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу