Астанада 200-ден астам мүмкіндігі шектеулі жан спорттық сайыстарда бақ сынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада 200-ден астам мүмкіндігі шектеулі жан спорттық сайыстарда бақ сынады

29.10.2018

Екінші мәрте өткен қалалық спартакиада бұл жолы «Бочча» атты ойынмен толықты. Паралимпиадалық спорт түрі федерациясының ашылу салтанатына «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары қатысты. Мәулен Әшімбаев көптен бері жүзеге асырылып жатқан «Кедергісіз келешек» әлеуметтік жобасының ауқымы кеңіп жатқанын жеткізді.

Бұлар үшінші Параазия ойындарының жүлдегерлері. Біздің спортшыларымыз 6 спорт түрінен 33 медаль жеңіп алды. Мақтауға да, марапаттауға да лайық. Ал, қолдау жағына келсек...

Мәулен Әшімбаев, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

- Біріншіден, мүмкіндігі шектеулі адамдарға кедергісіз ортаны қалыптастыру. Әр түрлі әлеуметтік, қоғамдық нысандардың қолжетімділігіне жұмыс істеу. Екінші басымдық – Қазақстанда инклюзивті білім беру жүйесін дамыту. Үшінші біздің басымдығымыз – мүмкіндігі шектеулі адамдарды жұмысқа тұрғызу. Төртінші - осындай адамдардың саяси өмірге, қоғамдық өмірге қатысуына жол ашу.

ІІ қалалық спартакиада бағдарламасына жаңа ойын қосылды. «Бочча» - бұл біздер үшін жаңа. Италияда пайда болған спорт паралимпиадалық ойындар қатарына 1984 жылы енген. Сонымен оның ережесі түсіндіріліп, тұсауын Мәулен Әшімбаев кесті.

«Бочча» ойыны тірек-қимыл аппараты бұзылған, сал ауруына шалдыққан адамдардың оңалуына зор пайда. Әзірге боччамен 50 жеткіншек, 6 ересек шұғылданып жүр.

Сұлтанбек Орынбасаров, Бочча федерациясының президенті:

- Екі жұп болып ойнауға болады және үш-үш командалық есепте ойнауға болады. Ақ доптың жанына кім жақын лақтырса сол жеңіске жетеді. Қазіргі жағдайы бұрынғымен салыстырғанда өте жақсы. Өмірге деген құштарлықтары жақсы. Сондай-ақ, осы спорт түрінен жарысқа көбісі барғысы келеді.

Сондай-ақ, пауэрлифтинг, шахмат, дойбы және басқа да спорт түрлерінен сынға түскендер саны 200-ден асады. Ал, спорт үйірмелеріне тұрақты келіп қатысатындар 400-ге жуық. 

 

Нысаналы ЫҒЫЛ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу