Еліміздегі спорт кешендерінінің жағдайы қалай? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміздегі спорт кешендерінінің жағдайы қалай?

12.10.2018

Дені сау ұлт қана дегеніне жетеді. Әсіресе, қазіргідей жанталасқан заманда әр адам денсаулығына көңіл бөліп, сақтағаны жөн. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің халыққа арнайтын жылсайынғы Жолдауында ұлт болашағының кілті дені сау, саламатты өмір салтын ұстанатын ұрпақта екендігін үнемі айтып келеді.

Бірақ, көпшілігіміз күнделікті күйбең тірлікпен жүріп, саламатты өмір салтын сақтай бермейтініміз рас. Ал, денсаулығын күтемін дегендерге қажетті жағдай жасалған ба өзі? Еліміздегі спорт кешендерінінің жағдайы қалай? Олардың саны жеткілікті ме? Ең бастысы, көпшілік үшін қолжетімді ме?  

Дүниежүзілік денсаулық  сақтау ұйымының сарабына сай адам денсаулығының 10 пайызына ғана дәрігерлер шипа болса, қалған 90 пайызына пенденің өзі арашашы. Яғни, адам денсаулығының жақсы болуы өзін-өзі күтуімен тікелей байланысты. 60-ты алқымдаған Виктор Спицынәр күнін жүгіріп бастайды. Ол дені саудың, жаны да сау деген ұранды ұстанады. Жазда ауада шұғылданады. Күн суыта жылы жер табу қажет. 

Виктор Спицын, зейнеткер:

Әрине, балалар спорты арзан әрі қолжетімді болғанын қалар едік. Қазір, ақшасы бар адамдар үшін ғана спортпен шұғылдануға болады. Спорттың кез-келген түрі балғындар үшін тегін болса жақсы болар еді.

Әлем елдерінің бәсекеге қабілетттілігі тұрғындардың ғұмыр жасының ұзақтығымен, сосын барып экономикасымен өлшенеді. Бұл көрсеткіш сол елдегі жағдайдың қалай, қайтіп, қайда беталғанын көрсетсе керек. Сірә, саламатты өмір салтын дәріптеудің қаншалықты маңызды екені осыдан кейін айтпаса да түсінікті. Бірақ, бізде сол саламаттылықты қалыптастыру жағы салғырт. Қазақ Президенті биылғы Жолдауында осы таптауырынды тақырыпты тағы бір мәрте еске салып, мәселені түбегейлі шешуді тапсырды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұған дейін, 50 спорт-сауықтыру кешенін салуды тапсырған едім. Ал, енді кешендердің санын 100-ге жеткізуді тапсырып отырмын. Бұл тапсырманы облыстың өз күшімен де салуға болады ғой. Ол үшін даңғарадай зәулім сарай салып қажет емес. Ең бастысы, спортпен шұғылдануға мүмкіндік болса жеткілікті. Сонымен қоса, қазіргі спорт нысандарын да тиімді пайдалануымыз керек. Олар 24 сағат жұмыс істеуі тиіс.

Елордадағы спорт кешендері түрлі мекемелерге бағынышты. «Алатау» спорт кешені ішкі істер министрлігіне, «Астана» кешені Президенттің қауіпсіздік қызметіне қарайды. Олар өздері бағынатын мекеме қызметкерлеріне жеңілдік жасағанымен, сырттан келетіндерге өзге тариф бекітеді. Әлгі қымбатшылықтың қылтиып шыға келетін себебі де осы. Ал оны реттеуге қала әкімдігінің құқығы жоқ. Салауатты өмір салтын дәріптеудің сапасы мен санына бұл да әсер етпей қоймайды.

Жанат Имашева, қала тұрғыны:

Тегін спорт түрлері бар. ДЮСШ атынан топтар бар. Бірақ, ол жеткіліксіз. Ондай жерге балал ар көп барады да, әр балаға уақыт бөлінбейді. Сондықтан, жекеменшік жерлерге барамыз. Оның бәрі қымбат шығады.

«Барыс» мектебі хоккейшілерді әзірлейді. Қызметі тегін. Бір орынға 50 бала таласқан. Жүзден жүйрік шыққандар осында жүр. 

Айтолқын Жакупова, қала тұрғыны:

Хоккейге бергеніміз бала ер мінезді болсын деп. Үш ұл тәрбиелеп отырғандықтан, алдыңғысы қалай болса, соңғылары да солай болады деп ойладық та баланы хоккейге бердік. Әрине, қымбат спорттың түрі болып келеді. Қымбаты экипорвкасы ғой. Алғашында киілген алатынбыз.

Владимир Захаров, бапкер:

Таңғы 06:00-дан 15 минут кеткенде алғашқы топтың дайындығы басталады. Әлбетте, ересек балалар таңсәріден шұғылданады. Үзіліссіз жұмыс істейміз. Соңғы топтың дайындығы кешке 20:00-де аяқталады.

Жалпы, қазір Астанада оқу орындары мен басқа да мекемелерге қарасты барлығы 500-ден астам спорт кешені бар. Олардың бәрі жұмылып тәулігіне 40 мың адамға қызмет көрсетеді. Бұл қала бойынша қазіргі сұраныстың 10 пайызына да жетпейді.

Енді республикадағы ірілі-ұсақты спорт нысандарының саны мен пайдалану мақсаттарына тоқталсақ. Қазір елімізде 11 мың 400-ге жуық спорт нысандары бар. Оның 9311-і білім беру ұйымдарына тиесілі, ал қалғаны дене тәрбиесі мен спорттық бағытта салынған. Бұлардың қатарында 1500 орынға арналған стадиондар саны 269-ға жетеді. Спорт сарайы 30, спорт кешендері 399, ал жүзу бассейндері 300-ден асады. Спорт залдары болса - 8469.

Қаладағы ең үлкен спорт кешен «Қазақстанда» олимпиадалық талапқа сай бассейн, күрес залы, би залы, футбол залы мен мұз айдыны жұмыс істейді. Мұз айдыны демекші, «Барыс» хоккейшілері сырғанайтын бұл алаң Құрлықтық хоккей лигасының техникалық талаптарға сай емес, деп танылды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен аз уақытта  «Барыс арена» салынды. 50 мың шаршы метрді алып жатқан нысан ТМД-дағы таңдауы кешендердің бірі ретінде мойындалды.

Жалпы, елімізде саламатты өмір салтын қалыптастыру үшін қыруар жұмыс жасалып жатыр. Еліміздің барлық ірі қалаларында өтетін түрлі марафондар халықтың ықыласына ие. Қазіргі таңда, екінің бірі алыс қашықтықтағы марафонға қатысып, өз бағын сынап көрген. Мыңдаған жанкүйері бар бұл спорт денсалықты күтудің ең қолжетімді түрі ретінде танылды. 

Ғабит Бөкенбай, тілші:

«Ауырып ем іздегенше, аурымайтын жол ізде», дегенді отандастарымыз қазір жақсы түсінеді. Жасыратыны жоқ, жұмыстан қолы босаған жұрт отбасы ошақ қасының қамымен жүгіреді. Кейде уақыт бола тұра, тапқан таянғанын үнемдеп, спорттық кешендерге барудан тартынып жататынымыз да рас енді.

Ғабит БӨКЕНБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу