Еліміздегі пойыз вагондарының санитарлық жағдайы сын көтермейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміздегі пойыз вагондарының санитарлық жағдайы сын көтермейді

26.04.2019

Теміржол саласында кемшілік көп. Вагондардың санитарлық жағдайы сын көтермейді. Заңды белден басатын жолсеріктер де азаяр емес. Қызылорда облысында теміржол саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу мақсатында ұйымдастырылған арнайы рейд барысында «Адал жол» тобы бірқатар заңсыздықтарды әшкереледі.

Қызылорда-Көкшетау бағытындағы №56 және Алматы-Атырау бағытындағы №41 пойыздар тексерілді. Ең бірінші кемшілік, төсек жабдықтары лас. 6 ай сайын ауыстырылып тұруы тиіс, төсеніштердің жарамдылық мерзімі өтіп кеткен. Тіпті 2 жылдан бері жаңартылмағандары бар. Пойыздың 17-вагонының 16-сында осындай жағдай, ал 6 вагонда гигиеналық тазалық заттардың жоқ екені, ауызсу қондырғылары орнатылмағаны анықталды.

Қасым Қалиев, Атырау облысының тұрғыны:

- Вагон ескілеу, төсек орындары да онша емес. Лас.

Вагондардың тек санитарлық емес, техникалық жағдайы да көңіл көншітпейді. Міндетті тексеруден өтпегендері бар.

«Адал жол» тобы осындай 80 санитарлық-техникалық кемшілікті әшкереледі. Билетсіз жүрген 37 жолаушыны анықтаған. 13 жолсерік жауапқа тартылуда.

Берікбол Байқожаев, Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері департаменті басшысының орынбасары:

- 13 әкімшілік хаттама толтырылды, оның көлемі өте жоғары. Бір миллионнан бастап, жолсерікке салынады. Олар жұмыстан кетеді. Қатаң жауапкершілікке тартылып жатыр. 2 әкімшілік хаттама толтырылды бүгінгі рейдте.

Мемлекеттік қызмет істері департаменті мен «Жолаушы тасымалы» акционерлік қоғамы арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылған. Сондықтан мұндай рейд алдағы уақытта да жалғасады.

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу